Кәсіби іс- қимылдар нәтижесінде жамбылдық полиция қызметкерлері ізін суытпай Жамбыл ауданында орын алған 15 бас мүйізді ірі қара мал ұрлығын ашты.
Ағымдағы жылдың 14 мамырында Бесағаш ауылының тұрғыны Бескепе құм аймағында шаруа қожалығының жайылымынан 15 бас сиыр малы ұрланғаны туралы арызданған, жалпы шығын көлемі 2,2 миллион теңгені құрады.Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрланған малды тасыған жүк автокөлігі анықталды. Қылмыс іздері бұл оқиғаға Байзақ ауданы Құмжота ауылының тұрғынының қатыстылығын көрсетті. Ол өзінің танысының, осы аудандағы Сарыкемер ауылының тұрғынының өтініші бойынша жайылымға барғанын және онымен бірге малды Жуалы ауданының Қайрат ауылына жеткізгенін мәлімдеді.
Өз кезегінде, қылмысты ұйымдастырушы болған Тараз қаласының тұрғыны оған машина табу керектігін айтқан. Сонымен қатар, ол ұрлыққа қатысушылардың барлығын өз мақсатына пайдаланған, яғни ұрланған малды өзінің малы ретінде көрсетіп, ал Жуалы ауданы Қайрат ауылындағы туысын малға уақытша қарап, таудағы өз малдарына қосып бағуды өтініп сұраған.
Қазіргі уақытта ірі мал ұрлығын жасаған күдікті өз кінәсін мойындап, Жамбыл АПБ уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Мал иесіне қайтарылып, осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі