Еліміздің жасөспірім буынын болашақ кәсібіне баулып, өз ісінің маманын жасайтын ҚазҰУ-дың тарихына үңілсек, Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан да тереңде жатқанын аңғаруға болады. Бүгінде туын биік ұстаған Қазақстан Республикасының ел болып қалыптасуында ғана емес, алуан түрлі салада беткеұстар тұлғалар біздің университетімізден шыққанын мақтаныш ретінде айта аламын.
1934 жылы іргетасы қаланған Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Сонымен қатар 418 халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнатылып, 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда.Бұл өз кезегінде оқушы студенттің потенциалын тек Қазақстан аумағында ғана емес, шет елдік университеттермен тәжірбие алмасып, болашағына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
ҚазҰУ менің есіме алтын әріптермен жазылып, менің жадымда жарқын сәттердің бірі болып қалатыны хақ.
Әділет ТҰРСЫН,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және Бизнес жоғарғы мектебінің 4 курс студенті