Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл екендігі шынайы шындық. Тіл жай ғана қатынас құралы емес, ол – ұлттың мәдени-рухани дамуының өзегі, халықтың жаны, оның өткені мен болашағы. Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын асыл қазынасы және Тәуелсіздіктің тірегі, қазақ халқының қанына біткен ынтымаққа ынтызар пейілі мен бірлікке деген берекелі ниетінің өзегі деп түсінемін.
Еліміздегі мемлекеттік тілдің бас жанашыры Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі салиқалы ойы мен салмақты тірлігінің арқасында мемлекеттік тіл қайта жаңғырды, ел Тәуелсіздігімен бірге қайта түледі. Соңғы жылдары мемлекеттік тіліміздің қоғамның барлық саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде қолдану аясы кеңейіп, тынысы ашыла түскені ақиқат. Жалпы, өңірде жиналыстар мен мәжілістер, әр деңгейдегі басқосуларды мемлекеттік тілде жүргізу тәжірибесі орныққан. Тілді тақырыпқа айналдырар ірі көлемді басқосулар қатары көбейді.
Қазіргі таңда ұлан-байтақ қазақ елі Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың болашақты болжай, келешекте көре, бар жағдайды аңғара білген сындарлы саясаты арқысында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси дамуымен қатар үлкен рухани жаңғыру кезеңінің биік белестерін бағындыру тұсында отыр. Әрине егеменді ұлт болып, біртұтас ел болып қарқынды даму белесінде руханияттың алар орны айрықша екені даусыз және рухани жаңғыру қандай бір болмасын ұлттың болашаққа жасаған оң қадамымен өлшенері ақиқат.
Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда Ұлы Даланың Ата Заңында ана тіліміз мемлекеттік тіл болып орнықты және көпұлтты халқымыздың татулығы мен бірлігінің темірқазығына айналғаны дәуір шындығы. Өйткені, елмізідің алдағы мақсаты айқын. Ол әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылу және халқымыздың тұрмыстық әлеуетін жақсарта түсу. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтау. Білім салатанын жаңа деңгейге көтеру, отандық ғылымды дамыта түсу.
Осы бір мәртебелі міндеттер қатарында қоғамдық сананы қалыптастыру, рухани байлықты арттыра түсу де енді міне күн тәртібіне қойылып отыр. Осы орайда Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласы жас қазақ қоғамы үшін орны ерекше, мәні жоғары, маңызы ерен қоғамдық-саяси жаңалықтың бастауы болды.
Ал, мемлекет басшысының бұл бағдарламалық мақаласына бас тақырып болған рухани дүние, оның ішінде ғасырлар қойнауынан жоғалмай келген салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз, ана тіліміздің келешегі біздің көңіл сарайымыздың төрінде тұратын ата-бабаларымыздан қалған қастерлі бойтұмар сияқты киелі дүниелер.
Осы тарихи құжатта көрініс тапқан келелі дүниелердің бірі емес, бірегейі, қазақ әліпбиінің латын қаріпіне көшіру мәселесі болатын.
Бес ғасыр бойы Ұлы Даланы асқақтатқан қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бұл тек қана тілдік стандартқа кіруімен шектелмей, қайта қолданыс аясын кеңейтіп, туған Отанымыздың ертеңі жалынды жастарымыздың білім мен ғылымға деген ынта-ықыласын аша түсері ешкімге де шүбә келтірмес. Тәуелсіз Қазақстан жаңа формацияда, жаңа заманда, жаңа қоғамда өмір сүріп отыр.
Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алып отырған тарихи кезеңде бұл жастарымыздың өз ана тілінде сауатты болып қана қоймай, әлемдік кеңістікте өзге тілдерді де еркін меңгеріп, туысқан түркі халықтарымен де тамырын тереңге жаюына үлкен жол ашады деп білемін.
Аса зор қоғамдық мәні мен мемлекеттік маңызы бар бұл істе Жамбыл облыстық сотыда белсенділік танытып, түрлі деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырып, латын графикасына негізделген қазақ жазуын насихаттау бағытында белсенділік танытып отыр. Өйткені, бұл ұлт қамы үшін атқарылып жатқан ұлы іс. Мемлекеттік тіліміз мәртебелі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын.
Жамбыл облыстық сотының судьясы Әзіретқұлов Дінмухаммед Аңқабекұлы