«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының қызметкерлері болашақ аналарға бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға бармай-ақ, SMS арқылы проактивті тәсілмен алуға болатындығын түсіндіру мақсатында перинаталдық орталықтар мен емханаларда «Проактивті өмірді таңда!» атты акция өткізді.
Бұл акцияға облысымыздың 14 перинаталдық орталықтары мен емханалары қатысты. Шара барысында «Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметкерлері 100-ге жуық болашақ аналарға бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен алуға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нұсқаулықтары көрсетілген ақпараттық парақшалар таратты.
Естеріңізге салай кетейік, Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып проактивті тәсілмен қызмет көрсетуді жүзеге асырған, ал өткен жылдың желтоқсан айынан бастап бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыныла бастады.
Аталған режимдегі қызметті алудағы басты шарт — мобильді азаматтар базасына тіркелу. Оны ХҚО-да немесе электронды үкімет порталының жеке кабинетіңізде жүзеге асыра аласыз. Ол үшін ЖСН-і ұялы телефон нөміріне байланыстыру жеткілікті.
Жалпы бүгінгі дейін аталған қызмет түрі бойынша облысымызда 6000-нан астам анаға СМС-хабарлама арқылы құттықтау жіберілген. Күн санап мобильді азаматтар базасына тіркеліп, бала тууға байланысты мемлекеттік қызметті проактивті тәсілмен алуға ынта білдірушілер саны артып келеді.