Ағымдағы жылдың қаңтар айында инвестицияның жалпы көлемі 11,1 миллиард теңгені құрады десек, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға өсімді көрсетеді. Облыс бойынша орташа көрсеткіш ойдағыдай, дегенмен аудандардағы қалыптасқан жағдайларды олай бағалай алмаймыз.
Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев Қордай, Жуалы, Байзақ аудандары осы орайдағы көрсеткіш бойынша артта қалып отырғандардың қатарынан екенін ашып айтты.
— Өткен жылы инвестицияның жалпы көлемі 344,1 миллиард теңгені құрап, бұл 2019 жылға қарағанда 12,7 пайызға артты. Биылғы көрсеткіштер де былтырғыдан төмен болмауы үшін бізге аянбай жұмыс жасауға тура келеді. Жыл енді басталды десек, бізде әлі уақыт жеткілікті. Көтерме және бөлшек сауда, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салаларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі төмен күйінде қалып отыр, — деді А.Сейсебаев.
Ағымдағы жылы 544,2 миллиард теңге көлеміндегі 48 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Жоспар бойынша жаңа өндірістер ашу, қолданыстағыларды жаңғырту шаралары жоспарлануда.
— Екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары желісі бойынша өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 85,6 млрд.теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болды, оның 41 млрд. теңгесі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бөлінген, — деді А.Сейсебаев.
Басқарма басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша елімізде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар туралы да тілге тиек етті. Ол Қазақстанда инвестициялық преференциялар жұмыс істейтінін, жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін бөлуге, оны инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көмектесетініне тағы бір назар аудартты. Сондай-ақ технологиялық құрылғыларды, материалдар мен шикізатты импорттау кезінде оңайлатылған салықтық режим бекітілгеніне көңіл бөлгізді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шетелдік инвесторларды тарту үшін Қазақстан Республикасының басқа елдердегі елшіліктерімен өзара тиімді тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті. Елшіліктерде жергілікті кәсіпкерлер үшін консультациялар ұйымдастырылады. Онда Жамбыл облысының қай саласы инвестиция құю үшін дайын екендігі айтылады.
— Ағымдағы жылға арналған міндеттердің қатарында инвестиция көлеміндегі жеке қаражаттың үлесін арттыру да бар. Отандық өндірушілерді қолдау, оның ішінде мемлекет жүргізіп отырған индустрияландыру саясаты, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ отандық өндірушілермен экспортты ұлғайтуға көмектесу бойынша нақты жұмыстар жүргізу де басты назарда болуы тиіс. Салалық басқармасы, «ӘКК-Тараз» АҚ» ҰК, екінші деңгейлі банктер және қаржы институттарының қызметтерін өзара үйлестіру керек, — деп түйіндеді өңір басшысы.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі