Жамбыл облысының білім беру саласындағы мемлекеттік бақылау шараларының жүзеге асырылуы туралы брифинг өтті
Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жамбыл облысының білім беру саласындағы мемлекеттік бақылау шараларының жүзеге асырылуы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Үскімбаева Дәмеш Шайхықызы қатысты.
Дәмеш Шайхықызының мәліметінше, Жамбыл облысының Білім саласындағы бақылау департаменті білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамаларының және білім саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Департамент:
— білім беру саласындағы түйінді мәселелерді зерделеу және талдау;
— апатты және үш ауысымдағы мектептердің жағдайына (апатты – 4, Шу ауданындағы Амангелді, Домалақ ене, Ғ.Мұратбаев, Ы.Алтынсарин (қ), үш ауысымды – 4, Байзақ ауданындағы С.Абланов, Ақшолақ, Тараз қаласындағы №24, №55);
— оқушы орындарының жетіспеушілігіне (Байзақ ауданындағы Көктал о/м, Қордай ауданындағы №26 о/м, Тараз қаласындағы №50 о/м);
— білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасына;
— білім алушылардың оқулықтармен қамтамасыз етілуіне;
— қамқоршылық кеңестердің жұмысына;
— діни білім беру ұйымдарының қызметіне;
— Ұлттық білім беру деректер қорының толтыру сапасына мониторинг жасайды;
— жалпы орта білім беру ұйымдарында және жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалауды ұйымдастырады және өткізеді;
— білім беру ұйымдарындағы білім сапасын;
— білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауды бақылайды.
2018 жылдың өткен кезеңінде 43 мемлекеттік бақылау шаралары жүргізілді. Оның 39-ы ішінара тексерулер, 4-і жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексерулер.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №648 бұйрығымен 2018 жылға жоспарланған білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау мерзімдері 2019 жылға ауыстырылды.
Қазіргі уақытта, білім беру ұйымдарында ішінара тексерулер жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 14 желтоқсандағы №621 бұйрығымен 2018 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған ішінара тексерулердің тізімі бекітіліп, оған облыс бойынша 45 білім беру ұйымы енген.
Ішінара тексерулер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №719 бұйрығымен бекітілген тексеру парақтары бойынша жүргізіледі.
2018 жылдың 20 мамырына дейін 39 білім беру ұйымында ішінара тексерулер жүргізілді (37 мектеп, 2 колледж). Нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес 44 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалып, барлығы — 1085 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 2 609 425 теңге айыппұлдар салынды, 15 білім беру ұйымының лицензияларының қолданысы 6 айға дейінгі мерзімдерге тоқтатылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 5-бабының 44) тармағына сәйкес ішінара тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқамалар берілді.
Ішінара тексеруге қамтылған білім беру ұйымдарының қызметінде:
— Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының;
— мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының;
— білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының;
— білім беру қызметінде пайдаланылатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын;
— білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесінің;
— педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларының;
— мектепке дейінгі жастағы және мектеп жасындағы балалар орта білім алғанға дейін оларды есепке алуды ұйымдастыру қағидаларының;
— білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларының талаптарын сақтамау деректері жиі кездесті.
Білім беру ұйымдарында жүргізілген ішінара тексерулердің нәтижелері бойынша облыс әкімдігіне, облыс әкімдігінің білім басқармасына, аудан және қала әкімдіктері мен білім бөлімдеріне тиісті шаралар қабылдау туралы тұрақты түрде хаттар жолданып, хабарланып отырады (2018 ж. — 48).
Тоқсанына бір рет облыс әкімінің орынбасарымен кездесу өткізіліп, облыстың білім саласындағы назар аударуды қажет ететін мәселелер талқыланады және тиісті шешімдер қабылданады.
Жеке және заңды тұлғалардан білім беру ұйымдарының басшыларының іс-әрекетіне қатысты 20 өтініш түсіп, оның 4-і бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді (Қордай ауданындағы №47, Мойынқұм ауданындағы №1, №3 Байзақ колледжі – 2 рет).
Нәтижесінде 1 лауазымды тұлғаға Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 24050 теңге айыппұл салынды (Мойынқұм ауданындағы №1).
16 өтініште білім беру ұйымдарының басшылары тарапынан қызметкерлерге қатысты лауазымдарын асыра пайдалану, қысым көрсету, түрлі себептермен қаржы жинау, педагогикалық әдеп нормаларын сақтамау сияқты деректер көрсетілген. Мұндай деректерді қарау Департамент құзырына жатпағандықтан, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Өтініштерді қарау барысында заңнама талаптарын бұзу деректері расталған жағдайда білім беру ұйымы тәуекел дәрежесін бағалау арқылы кезекті жылдың ішінара тексерулер тізбесіне енгізіледі,- деп сөзін қорытындылады спикер.