17 сәуірде Жамбыл облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топ ұсталды. Топ басшысы — 33 жастағы әйел, Жамбыл облысының тұрғыны. Қылмыстық топтың басқа мүшелеріне қатысты тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде есірткі заттары табылды, сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша ол героин есірткі заты болып шықты.
Полиция қызметкерлері жалпы салмағы 5 келі 55 г героин, бес миллион теңге көлемінде ақша, ұялы телефондар, «Киа Соренто» автокөлігі, «пресс» агрегатты «Белорусь» тракторы, акциздік маркасы жоқ 135 темекі қорабы және алтын бұйымдар тәркіледі.
Осы күні Атырау қаласында Атырау облыстық Ішкі істер департаменті ЕБҚКБ қызметкерлерімен жоғарыда аталған қылмыстық топтың мүшесі, Жамбыл облысының 47 жастағы тұрғыны ұсталды.
Барлық күдіктілер уақытша қамау изоляторына қамаққа алынды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі