Бүгін Таразда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Мақсұт Нәлібаевтың қатысуымен ресми түрде Қ.Қойгелді көшесі 158А мекенжайында орналасқан цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.
Цифрлық ХҚО-да мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылады, бұл процеске операторлар қатыспайды. Мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа нұсқасы –цифрлық ХҚО-да азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы электрондық өтініштер бере алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбековтің айтуынша, бұл – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі. «Халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында мұнда тегін оқу сыныбы жұмыс істейді. Оқу аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша сағат 9:00-ден 20:00 аралығында жүргізіледі. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқу сыныбында фронт-офис мамандары азаматтарға www.egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалану жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуді үйретеді. Бір сағатты құрайтын цифрлық сауат ашу курсына кез келген адам қатыса алады», – деп бөлісті филиал директорының орынбасары.
Айта кетсек, жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы аймақ тұрғындарына 1,5 млн қызмет көрсеткен, оның 758 мыңы электрондық форматта.