АҚЫРТӨБЕДЕ ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Ақыртөбе ауылы – темір жолдың бойында орналасқан ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі. Округке Айбек Әбішев тағайындалғалы бері ауылда көптеген игі жұмыстар жасалуда. Күні кеше ғана ашылған «Ақыртөбе» мешітінің салтанатты ашылу рәсімінде тұрғындардың сөзінен осындай пікір естідік.
Негізінен, «Ақыртөбе» мешітінің құрылыс жұмыстарына Қызылорда өңірінің тумасы Серік Қарымсақ есімді азамат демеушілік көрсеткен. Меккеге барып, қажы атанған Серіктің осындай қайырымды іске бел шешіп кірісуіне ауылдағы мешіттің көнерген ғимараты себепші болыпты. Енді ақыртөбелік жамағат бес уақыт намазын бұрынғыдай ескі ғимаратта емес, заманауи үлгіде салынған жаңа мешітте оқитын болады. Жаны жомарт ауыл азаматы Әбілқасым Қайымбердиевтің айтуынша мешіт құрылысына 99 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Әрине мұндай үлкен соманы Серіктің бір өзі бермеген. Ауыл кәсіпкерлері ағайынды Ержан және Мұрат Бескемпіровтерден бөлек, «Пана 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас сәулетшісі Алдияр Юсуповтың қолғабыс етуімен құрылыс аяқталған.
Ақыртөбеліктердің бұл қуанышына аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадраев арнайы барып ортақтасты. Өз сөзінде Қожайхан Қазыбайұлы «Ең жақсы сөз – Алла, ең жақсы кітап – Құран, ең жақсы адам – мұсылман» деген ғибратты сөздер айтып, ауыл тұрғындарын осынау ізгі қуаныштарымен құттықтады. Содан соң ақыртөбелік жамағат Сұлтаншәріп Жадраевтың адамгершілік болмыс хақындағы жүрекке ой салар уағызын тыңдады. Игі шара соңында Серік Қарымсақ, Қожайхан Бижанов, Сұлтаншәріп Жадраев және ауыл ақсақалы Кеңес Көкімбаев мешіттің ашылу лентасын салтанатты түрде қиған соң, құран оқылып, құдайы тамақ берілді.
Марат ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X