2018-2019 жаңа оқу жылының басталуы күнтізбеде сенбі күніне келіп түскеніне қарамастан, облыстың барлық деңгейдегі мектептерінде алғашқы қоңырау 1 қыркүйекте соғылады.
ҚР Білім және ғылым Министрінің бұйрығына сәйкес жаңа оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында — 32 оқу аптасы, 1-і сыныптарда — 33 оқу аптасы, 2-11(12) сыныптарда — 34 оқу аптасы. Мейрам күндеріне түскен сабақтар оқу бағдарламасы мазмұнының кіріктірілуі ескеріле отырып, қайталауға арналған сағаттар есебінен келесі жұмыс күндеріне ауыстырылады. Сондай-ақ, бұрықта оқу жылы барысындағы каникул кезеңдері де бекітілген. 1-11 (12) сыныптарда: күзгі каникул — 7 күн (2018 жылғы 29 қазан — 4 қарашаны қоса алғанда), қысқы — 10 күн (2018 жылғы 31 желтоқсан — 2019 жылғы 9 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі — 13 күн (2019 жылғы 21 наурыз — 2 сәуірді қоса алғанда); Мектепалды даярлық сыныптарында: күзгі каникул — 7 күн (2018 жылғы 29 қазан — 4 қарашаны қоса алғанда), қысқы 14 күн (2018 жылғы 27 желтоқсан — 2019 жылғы 9 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі – 15 күн (2019 жылғы 21 наурыз — 4 сәуірді қоса алғанда); Мектепалды даярлық сыныптары мен 1-і сыныптарда 7 күн мерзімде (2019 жылғы 4-10 ақпанды қоса алғанда) қосымша каникул белгіленеді.