ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы діттелген межеге жеткен болатын. Еліміздің бейбітшілік бастамалары негізінде жүзеге асқан операцияға биыл екі жыл. Сириядағы соғыс аймағынан қайтқандардың қиындықтары туралы бұған дейін де түрлі форматта сұқбаттар мен бейнесюжеттер жарыққа шықты. Онда түрлі мәселелер көтеріліп, елге оралған қандастарымыз туралы мәліметтер молынан берілді. Ал біз бүгінгі мақаламызда олардың елге келгеннен кейінгі ахуалы, аман оралған қазақстандықтандықтарды әлеуметтендіру жұмыстарының барысы аясындағы сауалдарға жауап іздедік. Айта кететін жай, мақалада барлық кейіпкерлердің есімі өзгертіліп берілді.
Ерлан Қариннің «Операция «Жусан» атты кітабында отандастарымыздың Сирияға кетуіне бірнеше фактордың әсер еткенін айтады. 71,2% күйеуінің артынан кеткен, 14,4% жақын туыстарымен барған, ал қалған 14,4% өз еркімен аттанған.
«ЕШҚАЙДА КӨШКІМ КЕЛМЕЙДІ»
Журналисттік зерттеуіміздің алғашқы қадамы ретінде атқарушы билікке сауал жолдаған болатынбыз. Онда «Жусан» операциясы» аясында елге қанша əйел мен бала қайтып келді, әкімдік тарапынан қандай əлеуметтендіру жұмыстары жүргізілгені баяндалған.
Сонымен аталған сауалдарға алғаш болып Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров жауап берді. Аудан әкімінің сөзі бойынша, «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында Шу ауданына 1 əйел (Шу ауданының тумасы) 4 баласымен жеткізіліп, ҚР Заң талаптарына сәйкес, барлық тұлғалар толығымен құжаттандырылған.
Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығына» тіркеуге қойылып, қызметтер көрсетіліпті. Бұдан өзге ол тұлғаларға медициналық, психологиялық көмектер көрсетіліп, оңалту және әлеуметтендіру жұмыстары жүргізіліп, отбасының денсаулығы тұрақты бақылауға алыныпты.
«Мектеп жасындағы балалары ауылдық орта мектепте білім алуда. Демеушілердің көмегімен оқуға қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешек, азық-түлік және т.б. бұйымдармен қамтамасыз етілуде. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы аясында арнайы курстан өтіп, үй іргесінде қосалқы шаруашылығын жүргізу мақсатында бөлінген мемлекеттік грантқа (505000 теңге) 2 бас ірі қара малын сатып алды. 2020 жылдан бастап көп балалы ана ретінде ай сайын 44532 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік төлемдерін алуда.
Тұрмыстық және материалдық жағдайларына талдау жасай отырып, демеушілердің көмегімен ағымдағы жылдың қазан айында 3 бөлмелі тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі күнге, аталған азаматша Қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделген, сондай-ақ діни атрибутикадағы киімін шешіп, күнделікті киім үлгісіне ауыстырған»,- депті әкім жауабында.
Алғаш атбасын тіреген ауылдын тұрғындары түрлі этникалық топтардан құралған, мал шаруашылығы арқылы жандарын бағып отыр. Аталмыш елді мекен Жамбыл облысы аудан әкімдері туып өскен аймақ деп есептеледі.
Сириядан оралған «Е.» есімді келіншектің баяндауынша, ешқайда көшкісі келмейтінін ескерген аудан басшылығы оған баспана алып берген. Қазіргі таңда келіншек балаларының жәрдемақысына күн көріп жатқанын айтты.
- Алдағы уақытта жұмысқа орналасамын. 9 сыныпты бітірген соң тұрмысқа шығып кеттім. Жоғарғы оқу орнында оқымағандықтан дипломым да жоқ. Ауыл тұрғындарымен ешқандай қиындықтар туындамады. Полиция бізді мүлдем мазаламайды. Балаларым жақсы оқиды. Түнде өте жақсы ұйықтайды. Кішкентайым түнде айқайлап шошып оянатын, қазір ондайы жоқ. Балаларым достарымен жақсы араласады. Мемлекет қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Маған бұдан артық көмек керек емес, – дейді «Жусан» операциясы арқылы елге оралған келіншек.
Сұқбат кезінде өзінің халыққа ризашылығын айтып қана қоймай, елге қызмет еткісі келетінін жеткізді. Алғашында жақындарымен келіспеушілік болса да, бөлек шыққан соң мәселенің бәрі реттеліпті.
«ЖЕРЛЕСТЕРІМЕ АЛҒЫС БІЛДІРЕМІН»
Келесі локациямыз Қырғыз елімен шектесетін Қордай ауданы болды. Қордай ауданы әкімдігі берген ақпарат бойынша мұнда 4 әйел мен 6 бала Сириядан қайтып келген. Төрт әйелдің біреуі тұрмысқа шығып Алматыға көшіп кетіпті. Оның ішінде бір әйелге үш баласымен (біреуінің мүгедектігі бар) «Қордай» мешітінің жамағаты баспана алып беріпті. Құжаттарының барлығы рәсімделіпті.
Біз баспаналы болған азаматшамен сұхбаттасып, бүгінгі жағдайын біліп қайтқан едік. «Н.» есімді әйел «мини инфаркт» алып, жұмысқа жарамсыз болып қалыпты. Сондықтан ауруханаға қаралып, қажетті ем-домын алып жүр екен.
Қандасымыздың жағдайын Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының басшысы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп көріп қайтыпты.
- Біздің мемлекетіміз өз азаматын өзекке теппей, өзге елде жетімнің күйін кешпесін деп осында әкелді. Туған жердің қадірін, бостандықтың қадірін біле бермейміз. Бірақ бұдан асқан бақыт жоқ. Дәстүрлі дінімізге қайта оралдыңыздар. Ендігі жерде Сіздер ана ретінде мына бүлдіршендердің ертеңін ойлауға тиіссіздер. Осы балалардың алаңсыз білім алып, елдің азаматы ретінде қалыптасуына күш жұмсаңыздар» — деді Бас мүфти
Бас муфти үйді көргенде баспана екі отбасына берілді деген ақпарат таралған екен. Қазіргі таңда мұнда мүмкіндігі шектеулі бір баласымен тағы екі перзентімен «Н.» есімді азаматша тұрып жатыр. Ал, анасы, «С» есімді қызы және оның үш баласы туыстарының жұмыс істемей тұрған дәмханасында күнелтуде. Оларға алдымен теологтар мен психологтар көмектесіпті. Сондай-ақ, ол өзінің де, балаларының да фото мен видеоға түскенді ұнатпайтынын ескертті.
- Азық-түлікпен, қаржылай көмектесті. Бізге қазір ештеңе керек емес. Бірақ үйіміздің жоқтығы ғана мәселе болып тұр. Біз Сирияға кеткенге дейін Қазақстанда үйіміз болған. Сол жаққа кетерде оны сатып кеттік. Менің орта білімім бар. Мектепті толық бітірмедім. Дегенмен елге оралған соң хиджаманы үйреніп, сертификат алдым. Бүгінгі күні массаж курсына қатысып жүрмін. Жоғарғы оқу орнына түскеніммен оны тәмамдай алмадым. Қазір халықтық медицинаны меңгергім келеді, – дейді “С.” есімді тұрғын.
Алақандай дәмхананың «кабинкасына» жайғасқан бөлмеде екі бала сабақ оқып, үшінші бүлдіршін ойнап жүр. Нысан иелері бизнесін бастайын десе, баспанасыз отбасы далада қалайын деп тұр.
«ЕНУ МЕН КАЗГУды бітіргенбіз»
Келесі кездесуміз Меркі ауданында өтті. Бүгінгі таңда «Жусан» операциясы аясында ауданға 2 әйел 4 баласымен қайтып келген. Меркі ауданы әкімдігі тарапынан аталған азаматшаларды әлеуметтендіру мақсатында 1 айда 2 рет кездесу ұйымдастырылады. Оларға атаулы әлеуметтік көмек, азық-түліктер және балаларына қажетті санитарлық жабдықтар ай сайын тапсырылады.
Сұқбаттасуға барғанымызда үйдегі еденнен аяққа суық өтетін аңғардық. Бұл жағдайға байланысты жергілікті әкімдік уәкілдерінен төсеніш әкеліп берулерін өтіндік. Бастапқыда кейіпкеріміз әңгімден қашып, біраздан кейін ғана сұқбатқа келісімін берді. Түрлі мекемеден «есеп үшін» деп фотоға түсіріп кететіндерден шаршаған болар деген ой түйдік. Туған әпкелі сіңлілер бір үйде тұрып жатыр. Үлкені әлеуметтік педаогог мамандығы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірсе, кішісі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «гидролог» мамандығын игерген.
- Елге оралған соң алдымен құжат жасап, жәрдемақы жасағандары өте үлкен көмек болды. Ашығын айтқанда, сол жәрдемақымен күн көріп отырмыз. Бастысы, балалар мектепке барды, әрі жақсы білім алып жатыр. Қуанарлығы, мұнда толықтай сіңісіп кетті. Кей кезде шошып оянатын кездері болатынын жасырмаймын, – дейді «Ж» есімді меркілік тұрғын.
Айта кететін жайт, төрт баланың білім алуына жергілікті білім бөлімінің қолдауымен сабақ оқу үшін ноутбук беріліпті. Сондай-ақ, агенттік тарапынан роутер сатып алуға көмек көрсетілген екен.
«ӘКЕМЕ АЛҒЫС БІЛДІРЕМІН»
Аталмыш операция аясында елге үш бала анасыз оралған. Ал әкесі Байзақ ауданының тұрғыны. Қазіргі таңда ол жалданып жұмыс істейді. Әйелі екі баласымен Сирия еліне өтіп, сол жақтан қайтпай қалған. Басы аман, бірақ бір бала елге жарақатпен қайтып, ота жасалынған болатын. Қазір ол мектепке барып жүр. Әкесі қазіргі уақытта басқа әйелмен отбасын құрып, одан ортақ бала сүйіп, барлығы көпбалалы жанұя болып тату тәтті өмір сүруде. Өгей анасы балаларының барлық құжаттарын жасап бергенін айтты. Ал, үлкен баласы сұқбат кезінде физика, химия, математика секілді бейіндік пәндерді көп түсіне бермейтіндігін айтып қынжылды. Бесінші сынып оқып жүргенде жат елге кетіп, қайтып келген соң оқу бағдарламасынан қалып кеткені байқалады. Ал, өзінен кейінгі, жарақат алған бауырының үлгерімі жақсы. Кенже бала Сирияда дүниеге келген екен.
«ЕШКІММЕН СҰҚБАТТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ, БІРАҚ БІЗДЕ БАСТЫ МӘСЕЛЕ — ТҰРҒЫН ҮЙ»
Сонымен қатар облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдан Тараз қаласына тағы бір әйел балаларымен көшіп келген. Ол кісі тілдесуден бас тартты. Бірақ сіздің қандай мәселеңіз бар деген сауалымызға «баспана қажет» деп қысқа қайырды.
Жалпы, өңірдегі діни ахуал бойынша Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасына сауал жібердік. Нәтижесінде «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында былтыр Сирия Араб Республикасынан 29 азамат (9-ы әйел, 20-сы жасөспірім) Қордай, Меркі, Шу, Байзақ аудандары мен Тараз қаласына жеткізілгенін білдік. Операция аясында Басқармаға жүктелген басты міндет — оралған азаматшалар мен олардың балаларымен жеке профилактикалық және оңалту жұмыстарын жүргізу. Аталған ақпарат таралуы шектелген конфиденциалды мәлімет болып есептеледі екен.
Сонымен қатар мақала халықаралық INTERNEWS коммерциялық емес ұйымымен жүзеге асып, Еуропалық Одақпен қаржыландырылатынын еске сала кеткен жөн.
Біздің ақпарат агенттігі алдағы уақытта «жусандықтармен» байланыста үнемі байланыста болып, әлеуметтендіру мәселесін бақылауда ұстайтын болады.
Бұл басылым Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны ақпарат агенттіктін жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.