Орта Азия елдері арасында Қазақстан алғашқы болып Сирияға кеткен азаматтарын қайтару процесін бастаған мемлекет. Бұл көпшілікке белгілі болғандай «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы жүзеге асты. Радикалды көзқарастың жетегінде жат ел асқан қандастарымызды елге қайта алып келу – әлемдік қауымдастық алдында өз отандастарымызға жауапты екенімізді көрсетіп отыр. Аталған операция аясында елге оралған азаматтардың ішінде лаңкестік қақтығыстарға қатысып, радикалды, деструктивті ағымда болғандар Қазақстанға келген соң заң алдында жауапқа тартылады. Қоғамды «олардың тарапынан қандай да бір қауіп-қатер болмай ма?» деген мәселе толғандырып отыр. Сирия, Ирак және Ауғанстандағы жанжал бірнеше жылға созылды және осы кезең аралығында бірқатар азаматымызды бірнеше жыл ішінде осындай ауқымды түрде болмаса да, бірте-бірте қайтарғанымызды айта кету керек. Олардың 40%-ы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылды, кейбіреулері, тіпті, бостандыққа шықты. Қалғандарының бәрі азаматтық қоғамның және ең әуелі туыстарының қатысуымен алдын алу, оңалту шараларын өткерді. Ең әуелі Түркістан облысына «Жусан» операциясы кезінде оралған әйелдерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмек туралы Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Медет Халықовтан сұрап, білдік.
– Түркістан облысына Таяу шығыстағы қақтығыс аймақтарынан арнайы операциямен оралған әйел азаматшалар өзге өңірлердегі азаматшалар секілді дін саласындағы білімсіздік салдарынан шекара асқан. Негізінде бұл азаматшалар өз ағымдарында өте білімді болған. Яғни, барлығын діннен мүлдем хабарсыз деп айта алмаймыз. Өкінішке қарай оларға сәләфизм ішіндегі ағымды бір жақты қабылдау, екіншіден фанатизм, елімізде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарды елемеу, оның бәрін дұрыс емес деп санау, елімізді ислам мемлекеті деп мойындамау сынды дүниелер әсер еткен. Үшіншіден, жасыратыны жоқ, алдаудың құрбаны болған. Таяу Шығыстағы елдерді таза ислами мемлекеттер деп түсінген. «Шариғатпен өмір сүреміз. Мұнда бақытты боламыз» деген жалған уәденің жетегінде кеткен. Осы білімсіздік, көр соқыр сенім және алдаудың құрбаны болу сынды үш түрлі себептің салдарынан жерлестеріміз қақтығыс аумақтарына тап болған. Қазіргі таңда әйелдердің психологиялық ахуалы, материалдық жағдайы қандай деген мәселеге тоқталайық. Бұл азаматшалардың елге оралғанына екі жылға жуық уақыт болды. Екі азаматша арнайы қайырымдылық қорлары арқылы баспаналы болды. Бір азаматша жеке демеушілердің есебінен жаңа үйге кірді. Қалған екі азаматша өзінің туған туыстарымен тұрып жатыр. Туыстары қабылдады. Көңіл-күйлері жақсы. Әрине келген кездегіден көзқарастары өзгерген. Әуелде «бізді қабылдай ма, қабылдамай ма?» деген күмәнді ойда болған. Қазір өз орталарына қайта қосылып жатыр. Сондықтан бұл азаматшалар мен балаларының жай күйлерін қалыпты деуге болады. Жоспарға сай теологиялық, психологиялық және қоғамға қайта бейімдеу, дәстүрлі құндылықтарды саналарына сіңдіру мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Азаматшалардың бәрі қақтығыс аумағына барғандарына өкінетіндерін, ол жаққа күйеулерінің ықпалымен барғандарын толығымен мойындайды. Қазір аталған азаматшалардың барлығы қоғамға бейімделіп, түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатыр. Кейбірі жеке кәсіппен айналысып, қолдан тәттілер пісіріп сатуды да қолға алған. Балаларға массаж жасауды да меңгергендер бар. Жұмыспен қамту орталықтарымен бірігіп бұл азаматшалардың жұмыс жайы әрдайым реттеліп отырады. Біз олардың теріс ағымдардан біржола ажырап, толығымен елге оралғандарына сенімдіміз. Оған олардың түрлі басылымдарға, телеарналарға беріп жүрген сұқбаттары дәлел болады. Барлығы дерлік отандарына оралуға көмектескен Елбасына, мемлекеттің саясатына алғысын білдіруде. Орталықтың ұйымдастыруымен «Дәстүр тағылымы» байқауына қатысып халқымыздың дәстүрін, тарихын, мәдениетін одан әрі ілгерілетуде, оны балаларының бойына сіңіруде, аналық борыштарын атқаруға тыңғылықты дайындықпен келгеніне куә болдық. Азаматшалардың барлығы оралғандарына қуанышты. Өкініштері де жоқ емес. Себебі қақтығыс аймағында күйеулерін жоғалтқандары, балаларынан айырылғандары бар. «Қақтығыс аумағына бармай отанымызда қалғанда төрт көзіміз түгел, бауырымыз бүтін отырар едік қой» дегенді жиі айтатындар бар. Ұл қыздары «әкемді, бауырымды сағындым» деп өкініштен өзектері өртеніп жатады.
Айта кеткен жөн, қақтығыс аймағынан оралғандардың дені әйелдер мен балалар. Өз әңгімелерінде олар жат дін жолына күйеулерінің нұсқауымен түсіп, шекара асып кеткен. Есімін атамауды өтінген азаматша Құмтиын ауылында тұрады. Айтуынша, туған жерге табаны тиген күннен бастап мемлекет жан-жақты қолдау көрсеткен екен.
– Жусан операциясы бойынша елге оралғанда мемлекет тарапынан қолдау толығымен көрсетілді. Құжаттарымның бәрі реттелді. Алты балам бар, үшеуі мектепте оқиды. 2020 жылдың ақпан-наурыз айларынан бастап жәрдемақы беріле бастады. Қазіргі уақытта жұмыс істемеймін. Жоғары оқу орнын туризм мамандығы бойынша тамамдадым. Диплом бойынша жұмыс істеуге ниетім бар, бірақ қазір балам есейгенше үйде отыруға тура келіп тұр. Бүгінге дейін әкімдік тарапынан жұмыс бабы бойынша бірнеше ұсыныс түсті. Осы жылы (2019) қысқа мерзімді оқудың барысын бағамдап қайтқанмын. Үш айлық оқу практикасын оқуға ниеттендім, бірақ баламды ойладым. Енді балам екіге толды. Бұған дейін әкімдік «балаңызды балабақшаға берсеңіз» деп ұсыныс айтқан. Жақын арада сол оқуды оқимын деп бекініп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
От пен оқтың ортасына жат ағымның айдауымен тап болған отандастарымызға елге оралған соң өз жұртына қайта сіңісу оңай болмасы анық. Бірақ бұл ретте елдегі психологтар қашықтықтан болса да көмек қолын созып жатыр.
– Павлодар облысында Гүлназ Мақсатқызы деген психолог бар. Ол бізді елге келген бойда әлеуметтік желіде арнайы топқа қосты. Сол топта барлығымыз хабар алмасып отырамыз. Денсаулығым жақсы. Көршілерім де біздің Сириядан келгенімізге артық сөз айтқан емес. Ол жағын білмеймін, бірақ маған ешкім келіп артық сөз айтпады. Қайырымдылық қорынан азық-түлік алып отырамыз. Үйді «Харекет» қайырымдық қоры 2020 жылы 22 шілдеде алып берді. Оған дейін Түркістан қаласында анамның үйінде тұрып келдім. Шымкент қаласында бес баламды «Сирияда туылған» деп куәлік берді. Үлкен ұлым Қазақстанда туылған. Әкімдікке айтар наразылығым жоқ. Бәрі жақсы, – деді отандасымыз ағынан жарылып.
Ары қарай Шардара ауданына ат басын бұрдық. Г. Есімді кейіпкеріміз Сирияда жүргенде оқ тиіп жараланыпты.
Әуелі, жеке куәлігімізді Ақтау қаласында, кейін ауданға келгенде бас аяғы бір жылдың ішінде бес қызымның куәлігін алдым. Күйеміздің дүниеден өткені туралы құжатты алдық. Шардара ауданының әкімі Бауыржан Шокиевтың тапсырмасымен бізді барлық қажеттілікпен қамтамасыз етті. Алдымен ата-анаммен бір жылдай тұрдым. Сол жерде әкімнің қолдауымен балалар еш қиындықсыз мектепке орналасты. «Қарекет» қорынан үш бөлмелі пәтер берілді. Бес қызыммен сонда тұрамын. Мен бұрын оқ тиіп жарақат алғанмын. Соған байланысты мүгедек ретінде жәрдемақы аламын. Балаларға да мемлекеттен көмек алып отырмын. Карантин кезінде мектеп бағдарламасына ілесу қиын болды. Бір аптадан бері балаларым қосымша сабаққа қатынап жүр, – дейді ол қуанып.
Келесі кейіпкерімізге де жергілікті билік көмегін аямаған. Бұл туралы Д. есімді азаматша әңгімелеп берді. Бір қызығы А. есімді келіншек екеуі тағдырлас құрбы болып шықты.
– Ақтау қаласына келгенде жеке құжаттарымызды алдық. Алдымен бір жылдай ата-анаммен тұрдым. Қалалық әкімдік балаларымды мектепке орналастыруға көмегін тигізді. Кіші балам балабақшаға барып жүр. Бауыржан ағаға алғысымызды айтамыз. «Жас отанның» қыздары, психологтар барынша көмек көрсетті. Маған «Қаракет» қоры арқылы қаладан төрт бөлмелі үй берілді. Бес балам бар. 4 ұл бір қыз. Үш балам мектепте онлайн сабақ өтіп жатыр. Екі балам балабақшада. Мектептен техникалар берілді. Бір аптадан бері балаларым қосымша сабаққа қатынап жүр. Біз алыс сапарға кетпес бұрын осында қазақстанда құрбы болғанбыз. Ол жақа барғанда да ажырамадық. Қиындықты бірге көрдік. Елге келгенде де арамыз үзілмеді. Барлық уақытта бірге болдық. Тағдырлас бауырмыз. Әркез бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз, – дейді Д
«Елдің даму жолында қызмет етуге дайынсыздар ма?» деген сауалымызға отандасымыз: «Деніміз сау болса, барынша елге қызмет етуге дайынбыз. Болашақта балаларымызға жақсы тәрбие беріп, білімді де білікті азамат пен азаматша өсіреміз деп ойлаймын. Елбасығы алғыс айтамыз» деп жауап берді.
Тағы бір жайт, Шымкентте қақтығыс аймағынан оралған балаларға «Сирияда туылды» деген куәлік беріпті. Жамбылда мұндай мәселе жоқ.
–Біз енді сол сапардан келген қыз-келіншектермен хабарласып тұратынымыз бар. Сөйтсек бірқатар елді мекен, қалада куәлікті «Сирияда туған» деп беріпті. Біздің куәлігімізде, балаларымыздың куәлігін Қазақстанда туған деп берді. Заңдағы бір баптың бір тармағында ата-аналары Қазақстанда туған болса, кейін балаларын да өзінің ата-анасы туған жері бойынша ауыстыруына болады екен. Бізге Шардарада көп адамдар көмектесті. Барлығы жұмылып қолдау көрсетті. Сол кісілерге алғысымыз шексіз. Ендігі мақсат балаларымды өз икемдері мен сүйікті істері бойынша тәрбиелеу.
А. атты кейіпкеріміз әкімдік көмегімен үйіне қажеттінің бәрін алған екен. Қиын кезеңді бастан өткерген жанұя үшін бұл үлкен көмек болыпты.
– Елге келгенде әкімдіктен қызметкерлер келіп, қандай да бір көмек қажет болса хабарласуымызды сұрады. Үкімет тарапынан азық-түлік әкеліп берді. Сұранысым бойынша үйге су кіргізіп берді. Күйеуім мен бір балам сонда қаза тапты. Үш балам түрмеде. Елге екі баламмен келдім. Балаларым кіші болған соң, жұмысқа да шықпадым. Кіріс болмады. Бірақ, туыстарым барынша көмек қолын созды. Аудан әкімдігі әркез қолдау көрсетіп отырды. Кейін «қашанғы туыстарыма арқа сүйеймін, масыл болып жүргем жоқ па?» деген ой келді. Сонымен жағдайымды айтып, әкімдікке бардым. Бірақ бір жыл бұрын күйеуімнің дүниеден өткені туралы анықтаманы алу үшін әкімдікке бірнеше рет барғанмын. Оны алсам, кәмелетке толмаған екі кіші балама жәрдемақы алар едім. Сонымен ол қағазды «ауданнан бере алмаймыз» деді. Сотқа да жүгіндім. Сот бұл мәселені жоғарыдағылар шешеді деді. Бір ай шамасында күттім. Сонымен әйтеуір әкімдік құжатты реттеп беріп, ақыры екі балама жәрдемақы ала бастадым. Ал жұмысқа тұру бойынша, алдымен жұмыссыз ретінде тіркелдім. Баларымның бірі былтыр бірінші сыныпқа барса, бірі енді бес жасқа толды. Екі балам да Қазақстанда туылды. Көрші қолаң, туған туыстардан еш қысым көмедім. Қайта туыстарым келгеніме қуанып, жағдайымды сұрап келіп тұрады. Күйеуім мен балама көңіл айтып келді. Иә, мен елден кеткенде олардың қатты көңілі қалған-тын. Бірақ, мен келгенде бәрі жақсы болды. Жылы қарсы алды. Онда кеткенде күйеуімнің үйі бар еді. Сапарға аттанарда енеме аманаттап кеткен. Ол кісі үйді қарайлайлап тұрған екен. Мен келгенде енем де жақсы қарсы алып, қазір осы үйде тұрып жатырмын. Үйді берді. Елге келгенде біраз қиындықтар туындады. Әрине, нарықтық заманда көп нәрсе қаржыға келіп тіреледі ғой. Бір жылдай қаржылық тапшылық қысты. Әу баста келгенде күйеуімнің дүниеден өткені жайлы құжатты бірден аламын деп ойладым. Сөйтіп күзде тағы жұмыспен қамту орталығына бардым. Алты ай сол жерде тіркеуде болып ақша алып тұрған ем. Кейін тұрақты жұмыс табылмады. Аудан әкіміне тағы шағымдандым. Сонымен олар тұрақты жұмыс тауып берді. Жәрдемақына да алып отырмын. «Жусан» операциясы кезінде елге келген әйелдермен араласып отырамын. Бірақ Түркістан облысындағы келіншектермен ғана. Онда өз еріктерімен қайтпаймыз дегендер болды. Енді ол жақтағылардың пікірі елге қайтқанда абақтыға тоғытып, балаларды жақын туыстары болмаса жетімдер үйіне өткізеді деп күдіктенді. Менің қызым да келді де, Алланың қалауымен қамалды. Оның кішкентайы жоқ. Егер болмаса баласын асырап қарап отыратын едім. Жалпы ешкім бізге қысым көрсетпеді. Түркістан облысы өздеріне оралған қантастарына жақсы жәрдем берді деп ойлаймын. Үйі жоқ үш келіншек қайырымдық қоры арқылы үй алды. Қазір бәрі жақсы, үш жылдан кейін зейнетке шықсам деп отырмын. Күміс алқалы ана болған соң, азын-аулақ жәрдемақы беріледі. Әкімдік балаларымды оқуға қамтамасыз етті. Компьютер де берді. Адамның арманы, ниеті сарқылмайды ғой. Екі балам мен қызым түрмеден шыққан соң, қолғабыс етсе. Елге сіңіп кетсе деген арманым бар. Жарақатым жоқ. Дәрігерлер ақысыз көмек көрсетті. Ауруханаға да жаттым. Коммуналдық қызметті осы уақытқа дейін әкімдік төлеп келді. Қазір желтоқсан айынан бастап қана өзіміз төлеп жатырмыз. Сонда жүргенде елге қайтсақ, балаларым елді көрсе екен деп армандадым. Жетілсе, қызығын көрсем дедім. Алғаш келгенде де бір ай дәрігерлер, психологтар барынша қолдау көрсетті. Ұлым былтыр бірінші сыныпта жақсы білім алды. Үлгерімдері жақсы, – деп ақтарылды қандасымыз.
Дін атын жамылып, қақтығыс аймағына тап болған өз азаматтарын алдыру және ол адамдарға жауапты екенін білдіру Қазақстан үшін өте маңызды және батыл әрекет. Оралғандардың дені әйелдер мен балалар екенін жоғарыда атап өттік. Олардың өзі елге келуге тілек білдірген жандар. Бүгінде барлы қоғамға қайта бейімделіп, дінтанушылар мен теологтардың жүргізген жұмыстары нәтижесінде діни қөзқарастарын радикалды ағымдардан тазартуда. Қазіргі уақытта бұл адамдар тарапынан қандай да бір қауіп-қатер байқалып отырған жоқ. Бұл ретте «Жусан» гуманитарлық операциясы өзінің бастапқы миссиясын толық атқарып жатыр деуге болады.
Сонымен қатар мақала халықаралық INTERNEWS коммерциялық емес ұйымының көмегімен жүзеге асып, Еуропалық Одақпен қаржыландырылатынын еске сала кеткен жөн.
Біздің ақпарат агенттігі алдағы уақытта «жусандықтармен» байланыста үнемі байланыста болып, әлеуметтендіру мәселесін бақылауда ұстайтын болады.
Бұл басылым Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны ақпарат агенттіктін жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.