Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері коронавирустық инфекциямен түскен науқастарды емдеумен қатар, тыныс және дене жаттығуларын жасап үйретуде Тыныс жаттығулары – өкпенің кең және терең тыныс алуына көмектеседі. Оның бұлшықеттерінің қатаюына жәрдем береді. Сондықтан коронавируспен ауырған адам қимылдамай жата бермей, егер жағдайы күрделі болмаса, қарапайым жаттығуларды күнде жүйелі түрде жасап, өкпенің өздігінше тыныс алуына мүмкіндік беруге тырысуы қажет. Бұл туралы Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігері, тәжірибелі ревматолог Бағлан Тапаева айтты:
«Вирусты жұқтырған адамның айығуға әрекет жасауы, алдымен өзінен басталуы тиіс. Егер ол белсенді болатын болса және дәрігердің айтқан нұсқамаларын уақытылы орындаса, сондай-ақ көбірек қимылдаса, ағзасына тромб жиналмайды. Сондықтан, көп қимылдайтындар тез жазылады».
Бағлан Маратқызы науқастардың тиісті емін алып болғанын қадағалап, жағдайы көтеретіндерін дәлізге, қалғандарын палатада тыныс жаттығуларын жасауға үйретуде. Ағымдағы жылдың 26 шілдесінде инфекциялық стационар ретінде ашылған ауруханада бүгінде 272 адам ем қабылдауда. 330 төсекке арналған бөлімшеден бүгінге дейін 260 жазылып шыққан. Қалғандары емдерін жалғастыруда.
Денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі