Мемлекеттік балабақшаларда орын жетіспегендіктен, ата-аналар балаларын жеке балабақшаға беруге мәжбүр. Бірақ төлеп отырған қаржыға қызмет сай емес. Кейінгі кезде балалар арасында ауру жиілепті. Ата-аналар бұған бөлмедегі желдету жүйесін кінәлайды. Оның үстңне қабырғалар көгеріп, дымқыл тартып кеткені тағы бар.
«Айына 40 мың теңге төлейміз. Бізге басында бір топта 20-25 бала болады деген болатын. Балам кіші топта, 40 бала бар. 15 төсек қойылған, қалғаны жерге жатқан. Олар салқын жертөледе жатқан», — деді ата-ана Жанбота Шабат.
Ата-аналар әу баста балабақша басшылығынан ғимаратты толық көрсетуді талап етіпті, алайда рұқсат берілмеген. Балаларының денсаулығына алаңдаға олар кейін полицияға арыз жазғанда ғана сұрауы орындалыпты.
Телеарна мәліметінше, былық мұнымен бітпейді. Қазір мекемеде тәрбиешілер тапшы. Өйткені ата-аналар ақыны уақытылы төлегенімен, қызметкерлерге жалақы берілмеген.
«Тәрбиешілер бейсенбіде жұмыстан шығып кеткен, жұмада балалар өздері отырған. Қауіпті, не тамағы дұрыс емес, не бала жататын орын жоқ. Жезқазғанда ғана емес, Қазақстанда мұндай балабақша болмауға тиіс», – деді ата-ана Сұлу Ғабдуллаева
Ең сорақысы сол — балабақша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының баланысында жоқ болып шықты. Демек бүлдіршіндерді қарайтын мекеменің жағдайын ешкім қадағаламайды.
«Бұл балабақша бізден қорытынды алған жоқ, сондай-ақ, өтініш бермеді. Тіпті балабақшаның ашылғаны туралы хабарламады. Бізге ата-аналардан ұжымдық шағым түсті, оны прокуратураға жібереміз. Білім бөлімі балабақшаның рұқсатсыз жұмыс істегенін растап отыр», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Жолдыбаев.
Ұлытау облысының білім басқармасы өкілі өңірінде мектепке дейінгі 42 мемлекеттік, 8 жекеменшік мекеме бар екенін айтты. Ал бұған дейін айтылған, басы даудан арылмаған балабақша есепте жоқ. Ол тіпті мемлекеттік білім беру тапсырысын да орындамаған.