«Жеті жеті ТВ» журналистері жарапазан айтып, тараздықтарды тәнті етті.
Қолдарына қазақтың қара домбырасын алып, ұлттық киіммен әуелете жарапазан айтып, орталық «Достық» алаңындағы кешкі серуенде жүрген халықтың назарын бірден өзіне аударған бір топ қыз-жігіттер журналистер боп шықты. Әндеріне сәндері келіскен жастар «77TV» коммерциялық телеарнасының қызметкерлері. Соңғы жылдары қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі жарапазан айту дәстүрін қайта жаңғыртқан жас ұжымға үлкен де кіші де риза болды. «Мұндағы мақсатымыз – халқымыздың ұлттық дәстүріне деген құрметіміз бен ұмыт боп бара жатқан салтты жастар арасында насихаттау» дейді телеарна директоры Зарина Қуатова. Айта кетейік, осыдан небары 1 жыл бұрын ғана көпшілікке жол тартқан жаңа арна бүгінде өзінің ерекше идеяларымен, сапалы өнімдерімен, қызықты жаңалықтарымен көрерменнің көңілінен шығып үлгерді. «77TV» телеарнасының ұжымындағы креативті көзқарас пен бірлік те кез-келген жанға айқын көрініп тұрады. Әлеуметтік желі парақшаларындағы кез-келген мереке немесе қуанышты бірге бөлісіп түскен суреттері соның бір айқын дәлелі іспеттес. Ал, жас ұжымда қазір жаңа маусымға қызу дайындық. Қыркүйек айында бірнеше жаңа жобаны эфирге шығару жұмыстары жүзеге асуда.