Облыс Қоғамдық кеңесі 2021 жылғы маусым айының 04-жұлдызы күні ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының талаптарына сәйкес өзінің кезекті кеңейтілген Отырысын өткізді. Отырыста қоғамдық маңызы зор екі мәселе – өлкеміздегі мал жайылымы мәселелері мен облыс аумағында қалыптасқан экологиялық ахуал туралы Кеңес комиссиялары алдын-ала жүргізген қоғамдық-мониторингтік бақылаудың қорытындылары талқыланды.
Отырысқа жерді пайдалану мен оны қорғау және облыс көлеміндегі санитарлық, экологиялық ахуалға бақылау жасау жөніндегі басқармалар мен департаменттердің басшылары түгел қатысып ақпараттық баяндамалар жасады. Отырыс барысына ВКС желісі арқылы барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысып, өздеріне қатысты сауалдарға тиісті жауаптар мен ақпараттар беріп отырды. «Фейсбук» платформасы арқылы жұртшылыққа таратылды.
Бірінші талқыланған мал жайылымы мәселесі бойынша – ҚР «Жер туралы», «Жайылым туралы» заңдары мен Кодексінің және осы құжаттар негізінде облыс әкімінің төрағалығымен 2021 жылдың 12 наурызында өткізілген аппараттық кеңестің №30-хаттамасында белгіленген ұстаным-тапсырмалардың орындалу барысы басты назарға алынды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған арнайы комиссиялар мен аудан субъектілерінен алдын-ала алынған ақпараттарға сәйкес, аталған мәселе бойынша белгілі нәтижеге жету үшін әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы қажет екендігі белгілі болды. Мысалы: Пайдаланылмай жатқан жерлерді, оның ішінде орман шаруашылығы құзыретіндегі алқаптарды, елді мекен аумағындағы 5-7 шақырым көлеміндегі табиғи жерлерді жайылым мақсатында қайтарып алу процедуралары тым баяу жүргізілуде. Кейінгі кезде баспасөз бетінде де, мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері тарапынан да үлкен резонанс тудырып отырған жайылым мәселесі бойынша салаға жауапты мекемелердің бірлескен іс-қимылдары барысында өзара сөзбұйдаға салу мен тапсырылған іске самарқау қарау тенденциясы басым! Яғный, жоғарыда аталған №30-хаттамада айтылған тапсырмалардың нақты орындалуы орынды күмән тудырады.
Мысалы: облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте ұсынылған 14 тапсырманың орындалу барысы бүгінгі маусым айында қай деңгейде дейтін сұраққа бірде бір басқарма басшысының нақты жауап бере алмауын немен түсіндіруге болады? Аппараттық Кеңес хаттамасында жазылған орындалу мерзімі өтіп кеткен, сәуір айына межеленген 4 тапсырманың орындалу барысы туралы басқарма басшыларының бірде бірінің толыққанды нақты жауап бере алмауы да осы пікіріміздің дәлелі болса керек. Шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар иелігіндегі жер үлестері мен нақты мал басын анықтау, әрбір тұрғынға тиесілі жер телімдерін заңдастыру, алыс жайылымдарға күнделікті жету мүмкіндігі шектеулі ауыл азаматтарының қарамағындағы мал басының нақты санын анықтап, қашық жайылымдардағы инфрақұрылым объектілерін заманауй жетілдіріп, әрбір ауылдық округке тиесілі жайылым аумақтарының схемалық картасын әзірлеу, тұрғындарға тиесілі жер мөлшерлерінің кондоминумынын әзірлеп бекіту, осы мақсаттар аясында атқарылған жұмыстар туралы әлеуметтік ортада ашық та жария түсінік жұмыстарын жүргізу талпыныстары бар болғанымен, олар тым баяу атқарылуда.
Осы баяу қимылдың нәтижесінде — жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің әсерінен ауыл маңындағы жерлерді түгелдей басқа мақсатқа пайдалану, оның нәтижесінде – ауыл тұрғындарының қолындағы бір-екі сауын сиыры мен 10-15 ұсақ малының жылдың 4 мезгілінде қолға қарап, қорада қамалып қалуы, тіптен кейде елді мекен аумағын айналдыра ормен қоршап тастау (мысалы: республикалық каналда (Хабар-24) көрсетілгеніндей, Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылы) әрекеттері көрініс беруде.
Қорыта келе, облыс аумағындағы жайылым мәселесін шешу ісінде салаға жауапты барлық құрылымдардың жұмысын үйлестіруші тетік жетіспейді.
Сондықтан да, қағаз жүзінде «атқарылды», «орындалды» тәрізді сөздерді ғана місе тұтпай, нақты атқарылған жұмыстарға әлеуметтік ортаның белсенділері қатаң бақылау жасаулары керек деп есептейміз. Әрбір елді мекендегі ахуал туралы нақты ақпараттардың азаматтық қоғам алаңына толық жетімділігін әлі де жандандыра түсу қажет.
Қоғамдық кеңес Отырысында талқыланған екінші бір маңызды мәселе – облыс аумағындағы экологиялық ахуал. Мамандардың берген ақпараттарына жүгінсек, қоршаған ортаға кері әсер етіп отырған негізгі себептердің бірі – облысымыздың транзиттік-логистикалық жағдайына байланысты автомобиль қатынасы сандарының, меншіктегі көлік құралдары сандарының өсуі нәтижесінде фондық ластанудың артуы, әртүрлі бағыныстағы жер байлығын игерушілердің алуан тәсілдермен жұмыс жүргізуінің көбейіп бара жатуы екен. Сонымен бірге, кейбір өндіріс объектілеріндегі («Еврохим», «Алтын-Алмас», «Цианид») экологиялық ахуалымен танысуға келген Қоғамдық кеңес арнайы комиссия мүшелерінің оларда қалыптасқан жағдаймен танысуға мүмкіндік ала алмау фактілері орын алды. Мұны біз заң талаптары мен табиғат тазалығы ұстанымдарын білмеу немесе оларға немқұрайды қарау деп түсінеміз.
Облыс аумағындағы ашық су қорлары мен ағын сулардың, трансшекаралық (көршілес мемлекетке ортақ) өзендердің экологиялық тазалығын бақылау облыс экологиялық департаментінің міндеті екендігі белгілі, департамент мамандары Жамбыл облысы аумағындағы су көздерінің нақты бөліктеріне өздері орнатқан бақылау қондырғылары арқылы үздіксіз бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бақылау нәтижесі көрсеткеніндей өзендердегі химиялық қосындылардың (магний иондарының) 1,3 есеге артуы байқалған, ал трансшекаралық су қорларының фондық (залалды қоспалардың алыс аймақтарды қамтуы) ластануы 2,3 есеге көбейген. Осындай бақылау облыс аумағындағы су қорларына жақын орналасқан өндірістік өңдеу нысандары аумағында да жүргізіледі.
Дей тұрғанмен, облыс аумағының экологиялық ахуалына әсер етіп отырған басты бір себеп — 2100 жылдық нақты жазба тарихы бар, бүгінгі таңда шамамен 400 мыңдай тұрғыны бар Тараз қаласының осы күнге дейін — не сарқынды кәріз суларын жинақтайтын заманауй нысаны, не өндірістік-тұрмыстық қалдықтарды залалсыз жою, технологиялық өңдеу құрылғыларының мүлдем болмауы. Лас сулар өткен ғасырдың 50-жылдары жерге сіңу, табиғи булану тәсілін ғана көздеп жүргізілген ұзындығы 309,2 шақырымды құрайтын кәріз-су жүйесі арқылы сыртқа шығарылады. Ол сулар қаланың жақын маңындағы Жамбыл ауданына тиесілі аумағы 197,07 гектар жер теліміне төгіледі. Халқы тығыз орналасқан аумақтағы мал жайылымдары мен егістік алқаптар батпақтанып, тұрғындардың жер асты суларын пайдалану мүмкіндігі күн сайын төмендеп барады. Ауыру-сырқаудың да саны артып келеді деген тұрғындардың орынды алаңдаушылығы басым!
Бүгінгі күнге дейін сан рет қолға алынып, белгілі мөлшерде қаржы бөлініп, бөлінген қаржы «тыңғылықты игеріліп», бірақ, негізгі мақсат пен мүдде аяқсыз қалып келе жатқан осы мәселенің оңды шешілуіне ықпал жасай алуға қауқарлы батыл қадамдар қажет. Үйтпеген жағдайда, Тараз қаласы мен облыс орталығына іргелес елді мекендер экологиялық апаттың алдында тұр деп нақты сеніммен айтуымызға болады. Яғни, пайдаланылған лас суларын биологиялық жолмен тазалайтын арнайы қондырғысы жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы — Тараз қаласындағы кәріз сулары жүйесін реттеуді атқарушы билік шұғыл қолға алуы қажет. Бұдан да басқа, қала аумағынан күніне мыңдаған тонна өндіріс пен тұрмыстық қалдықтар жиналады, бірақ олар өңделіп сұрыпталмайды, яғный залалсыздандырылмайды.
Аймақтағы қоршаған ортаға өндірістік-шаруашылық пен күнделікті тұрмыстық қалдықтардан түсіп отырған салмақ өте қомақты. Бүгінгі күні өндірістік қалдықтардың жинақталу көлемі 196,9 млн. тоннаны құрап отыр. Өкінішке орай, кәсіпорындар басшылығы өндірістік қалдықтарды кәдеге ұқсату мәселесімен мүлдем шұғылданбай отыр десек те артық емес. Өйткені қалдықтар көлемінің жылдан жылға өсіп келе жатуы осының айғағы. Өндірістік, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеп, нәтижесінде одан түскен табыстарды экономикалық айналымға ендіріп отырған мемлекеттерден үлгі алатын уақыт әлдеқашан жетті!
Сондықтан да, ежелден «үлкен химия» орталығы атауына ие болып келе жатқан, шаруашылық нысандары даму үстіндегі, мыңдаған тұрғындары бар облыс орталығын көркейтудің басты мақсаты – оның экологиялық ахуалына шұғыл назар аудару болса керек.
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі