Жер қатынастар басқармасы ӨКҚ брифинг өткізді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жер ресурстарын басқарудың тиімділігін артыру шаралары» тақырыбында брифинг өтті. Аталмыш жиынға Жамбыл облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев қатысып, белгіленген тақырып аясында ой өрбітті.
Бейбітбек Шындалыұлының баяндауынша, Жамбыл облысы Республика аумағының 5,3 пайызын немес 14 млн 426 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Бұл халық санына шаққанда облыстың әрбір тұрғынына 13,5 гектардан айналады.
Облыс аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге қолайлы жерлер болып табылады.
Мемлекет басшысы жариялаған 5 институционалдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35 — 36 қадамдарын орындау мақсатында Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.
Қойылған мақсат, кәдеге аспай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне алып нарықтық айналымға қосу, жер пайдаланушыларға жалға алып отырған жерлерін жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндіктер жасау сондай-ақ, жердің нысаналы мақсатын өзгерту жолдарын оңтайландыру болып табылады.
Жер заңнамасына енгізілген өзгерістердің жекелеген баптары қоғамда белгілі бір пікір-талас тудырған соң Елбасы Жарлығына сәйкес оларды облыс тұрғындарына түсіндіру бағытында көптеген шаралар атқарылды. Облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы топ құрылып, Қоғамдық кеңеспен бірлесе, елді мекендерде 35 мыңнан астам адам қамтылған 530 кездесу өткізілді.
Облыс бойынша 89 спикердің тізімі жасақталып, бұқаралық ақпараттық құралдарында 20-ға жуық мақала жарияланып, жергілікті телеарналардан сұхбаттар берілді. Сall-орталықтарына барлығы 280 сұрақ түсті, оның ішінде облыстық орталыққа — 161, аудандық және Тараз қалалық орталықтарына — 119, оларға заң аясында жауаптар берілді.
Сонымен қатар, Жер реформасы мәселелері жөніндегі түсіндіру жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарына сәйкес, барлық аудандарда жұмысшы топтар құрылып бұл жұмыстар жалғасуда, — деп сөзін қорытындылады басқарма басшысы.