Жемқорлықпен күресу-баршамызға ортақ іс
«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы мен облыс бойынша қылмыстық — атқару департаменті бірлесіп, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ міндетіміз» атты «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырды. Бас қосуға аталған департамент пен БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, мәслихат депутатары мен «нұротандықтар» қатысты.
Жиынға облыс бойынша қылмыстық — атқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Иванюк төрағалық жасап, қатысушыларды ашық әңгімеге, еркін пікірлесуге шақырды. Дөңгелек үстелде облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Әділет Дайрабаев жемқорлыққа баратындардың бір тобы жалақыларының аздығын сылтау ететінін, алайда бұл қылмыс жасауға себеп емес екенін айтты. Бұл пікірді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ерғали Омаров, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов қолдап, өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, Тараз қалалық мәслихаттың депутаты Нариман Мәуленов, Тараз қалалық әділет басқармасының басшысы Гүлнар Көшекова жемқорлықтың алдын алу, ол үшін әр қызметкерге, оның балабақшаға баратын ұл-қыздарына жағдай жасау секілді ұсыныстарын білдірді. Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза – Ғали мұндай жиында ұйымдастырушылар нақты баяндама жасап, сол баяндамада айтылған мәселелер бойынша пікір алмастырған жүйелі болатынын, жемқорлықпен күрестің шешу жолдарын айту орынды болатынын ескертті.
«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков партия тарапынан «Сыбайлас жемқарлық жоқ ел – өркендеуші ел» атты партиялық жоба жүзеге асып жатқанын, 2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама іс үстінде екенін, Елбасы биылғы жылғы Жолдауының 5 бағытында жемқорлықпен күресті қадап айтқанын айта келіп, бұл індетпен аяусыз күрес жүргізу керектігін қозғады.
Жиын барысында облыс бойынша қылмыстық — атқару департаменті басшысының орынбасарлары Әміролла Оралбаев пен Бағлан Жапашева осы саланың өзекті мәселелеріне көпшіліктің назарын аударды. Олар көтерген мәселені ықшамдап айтатын болсақ, департаментте 71 инспектор еңбек етеді, олардың әрқайсысы 40-50 жазасын өтеушімен жұмыс істейтіні. Адамдар әртүрлі ғой. Жазасын өтеп келгендердің кейде департамент қызметкеріне жала жабатыны, қызметкер өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алмай қалатыны айтылды. Ол үшін ір қызметкерде жасырын бейнебақылау, диктафоны болу керек екен. Бір күнде қаланың талай аймағын аралайтын инспекторларға жолақы да қаралмағанын мәселе ретінде көтерді. Жиынға қатысушылар бұл ұсыныстарды қолдап, «Нұр Отан» филиалына, облыстық қоғамдық кеңеске, облыстық мәслихатқа ұсыныс хат жазуды ұсынды.
Жиынды облыс бойынша қылмыстық — атқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Иванюк қорытындылап, қатысушыларға құнды пікірлері үшін алғысын білдірді.