Мемлекеттің дамуына әділетсіздік танытқандарды өткен ата-бабаларымыз да қатты сынаған. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің және басқа да би — шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Сыбайлас жемқорлық — заман ағысымен бірге өсіп — өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Алайда, халық парақорлық дертімен жиі кездеседі. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып — парасат биігінен көрінуге тиіспіз.
Ол үшін кез келген адам санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруымыз керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет — бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтиды. Ол жеке тұлғаның жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет — ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген. Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден бір ықпал ететін фактор болып табылады.
Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте әрбір адам өзінен бастауы тиіс. Ол қандай қызмет саласында отырса да, сол қызметінде «Мен еліме не беремін, осы қоғамның, мемлекеттің дамуы үшін қандай үлес қосамын», — дейтін болса, өз жұмысына, айналасына әділ қарап, таза жұмыс істегенде ғана осы кеселді толық жеңе аламыз деп есептеймін.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дертті тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған соты әкімшісінің басшысы Б.Джунусов.