ЖЕКЕ ТҰЛҒА МЕН МЕМЛЕКЕТ МҮЛКІН БҮЛДІРУДІҢ ЖӘНЕ ҚОЛ СҰҒУДЫҢ ҮКІМІ
بسمم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Ислам шариғаты адамның дінін, өмірін, ақылын, тегін (ар-намысын) және мал-мүлкін қорғауға аса мән береді[1]. Сол үшін асыл дінімізде адам өмірі мен ар-намысына қол сұғуға, қоғамдық және жеке меншік мүліктерді тонауға, тартып алуға, ұрлауға, өртеуге, сындыруға т.б. тыйым салынған[2]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
كلُّ المسلِمِ على المسلِمِ حرامٌ، دمُهُ، ومالهُ، وعِرضُهُ
«Әрбір мұсылманның өзге мұсылманға қаны, мал-мүлкі және ар-намысы – харам (қол сұғуға тыйым салынған)»[3].
Келесі хадисте:
ومَنِ انْتَهبَ فليس منَّا
«Кім біреудің мал-мүлкін күштеп тартып алса, бізден емес»[4], – делінген. Мемлекеттің мүлкі (ақша, қоғамдық және қызметтік көлік, ғимарат т.б.) халықтың мүлкі саналады. Оған қол сұғу және бүлдіру – харам[5]. Мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің, сондай-ақ жеке адамның халықтың қазынасына қол сұғуы – ауыр күнә. Мұндай іске барған адам тәубе етіп, сыбайластық жолмен алған, тонаған, бүлдірген, ұрлаған нәрсенің өзін немесе құнын қайтаруы тиіс. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَمَن يَغْلُلْ يَأْتِ بِمَا غَلَّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ۚ ثُمَّ تُوَفَّىٰ كُلُّ نَفْسٍ مَّا كَسَبَتْ وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ
«Кімде-кім аманатқа қиянат жасаса (олжаға немесе халыққа тиесілі ортақ дүниеге қол сұғатын болса), қиямет күні (Алланың құзырына) сол ұрлаған нәрсесін арқалаған күйде келеді. Содан кейін әрбір жанға (дүниеде) істеген істерінің қарымы толық қайтарылады, олардың ешбірі әділетсіздікке ұшырамайды»[6]. Жеке тұлғаның немесе мемлекеттің мүлкін тонау, ұрлау, сындыру, бүлдіру, өртеу, қирату т.б. зұлымдық болып саналады. Ибн Хажар әл-Һәйтәми (Алла оны рақымына алсын) мұндай істі үлкен күнәлардың қатарына жатқызған[7]. Мұсылман адам өзіне де, өзгеге де зиянын тигізбеуі тиіс[8]. Қоғамда бүлік орын алғанда, мемлекет және жеке тұлғалардың мүліктеріне шығын келеді. Бұл бұзақылық іс болып саналады. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَلَا تَبْغِ الْفَسَادَ فِي الْأَرْضِ ۖ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ
«Жер бетінде (лаң салып) бұзықтық жасама. Шын мәнінде, Алла бұзақыларды жақсы көрмейді»[9]. Тәртіпсіздікке апаратын іс-әрекеттер бүлікке ұласады. Оның салдары адами және материалдық шығын әкеледі. Бұл қоғамның тұрақсыздануына, мемлекеттің құлдырауына алып барады. Мұндай халық арасындағы қақтығысты күшейтетін бүліктен, өзгенің мүлкін қиратудан және тонаудан бойды аулақ ұстау керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
دَعُوهَا فَإِنَّهَا خَبِيثَةٌ
«Бұл істі (бүлік) тастаңдар, өйткені ол – лас нәрсе»[10]. Сондықтан өзгенің және мемлекеттің қазынасы мен мүлкіне қол сұғуға, тонауға, қиратуға, бүлдіруге, тәртіпсіздік жасауға, қару қолданып үрей салуға, заңсыз іс-әрекеттерге қолдау көрсетуге т.б. қатаң тыйым салынады.
ҮКІМ:
1. Жеке адам мен мемлекет мүлкіне қол сұғу, бүлдіру, тонау, ұрлау, сындыру, өртеу – харам. 2. Сыбайластық жолмен иемденген ақшаны және тонаған, бүлдірген, ұрлаған заттың өзін немесе құнын қайтарып, жасаған ісіне тәубе етуі тиіс.
[1] Әбу Хамид әл-Ғазали, әл-мустасфа, 1/174.
[2] әл-Муфассал фи әл-фиқһи әл-ханафи (әл-әмуалу уә әл-муамәләту әл-мәлия), 87. әл-Маусуғату әл-фиқһия, 41/380. Фәтху әл-бәри, 12/58-59. Құртуби, 2/337-341.
[3] Бұхари, №6064. Мүслим, №2564.
[4] Термизи, №1601. Ахмад, №12422.
[5] http://dar-alifta.org/Home/ViewFatwa?ID=12770
[6] «Әл Имран» сүресі, 161-аят.
[7] Әз-Зәуәжир, 1/261.
[8] Али Хайдар, Дурару әл-хуккәми шарху мәжәлләти әл-әхкәми, 19-бап. 1/36.
[9] «Қасас» сүресі, 77-аят.
[10] Бұхари, №3518. Мүслим, №2584.
Дереккөз-https://asyldin.kz/faq2/view/id/664.html