Ұйым жұмысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңына сәйкес жүргізіледі. Негізгі мақсаты – жастардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылын нығайту, олардың мүддесін білдіру, сондай-ақ өңірде жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыруға белсенді түрде қатысу.
Бүгінде бірлестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар кешені толығымен орындалып, жоспарланған техникалық талаптар мен қаражат толық игерілді. Жобалар нәтижесінде жастардың шығармашылығын дамытуға, кәсіпкерлікке бейімдеуге, әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған бірқатар нақты жетістіктерге қол жеткізілді.
Мәселен, «Youth Tourism» жобасының қатысушылары Тараз қаласынан тыс өңірлерге – Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы сынды көрікті табиғи мекендерге танымдық экскурсиялар ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар, Шымбұлақ демалыс орнына арналған шаңғы турлары сәтті өткізіліп, бұл бастама жастардың ішкі туризмге қызығушылығын арттырумен қатар, оларды кәсіпкерлікке тартуға ықпал етті. Қазіргі таңда осы жобаның негізінде бірнеше жас өз ісін бастап, туризм бағытында табыс тауып отыр.
Ал «Аниматорлық орталық» жобасы ерекше әлеуметтік маңызға ие. Жоба аясында қаламыздағы балалар үйлері мен қарттар үйінде тегін аниматорлық қойылымдар көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, «Асар» мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау орталығымен бірлесе отырып, 150-ден астам ерекше қажеттіліктері бар азамат үшін арнайы мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Жаңа жыл мерекесінде құттықтау іс-шаралары өткізілді.
«Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі – жастардың идеяларын қолдауға, оларды қоғамдық өмірге араластыруға, кәсіпкерлікке, туризмге және волонтерлік қызметке тартуға бағытталған нағыз серіктеске айналып отыр. Бұл ұйымның жұмысы – мемлекеттің жастарға деген қамқорлығы мен сенімінің нақты көрінісі.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.