Жастар арасындағы қате түсініктер!
Жастар — елдің болашағы, болашаққа сенім арту — жеңісті де жемісті келешектің көрінісі. Ал ел ертеңі болған жастар тәрбиесі бүгінгі күнге дейін маңызды болған, әрі қашанда басты мәселелердің бірі бола беретін аса нәзік дүние. «Ағашты шыбық кезінде түзуле» дейді дана халқымыз. Албырттықпен қайда исең сонда қарай иіле кететін жастардың рухани бағдары бүгінде өзекті. Өйткені, жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көпшілігі жас буын өкілдері.
Осы тұрғыда жастардың діни адасушылыққа түсіп жатқан бұрыс тұстарына тоқталып өтсек.
Біріншіден, өзін бағып-қағып өсірген ата-анасын кәпір санау. Ақиқатында Алла адам атаулыны әу бастан мұсылман қылып жаратқан. Құранда Алла былай деді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» — дегенде олар: «Әрине, куәміз», — деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ демеңдер». (Ағраф сүресі, 172-аят)
Жүрегінде Аллаға деген сенімі бар болып, «мен мұсылманмын» деп тілімен де айтып тұрған адамға қалайша кәпір деуге болады? Жүрегінде иманы бар адам мұсылман болып есептеледі. Ал оның жасайтын амалы, яғни намаз оқып, ораза ұстауы ол келесі кезектегі мәселе. Амал мен иман екі бөлек ғибадат болғандықтан иманы бар бірақ амалы жоқ адамды кәпір деуге болмайды. Жастардың қателігі – діни сауатсыздықтың салдарынан осы заңдылықтарды білместен өз ата-анасын кәпірге шығарып, онымен байланысты үзіп, дөрекі сөйлеуі, сыйламауы.
Құранда Алла Тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с)) Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан менен дұға-тілек тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше оларда әмірімді қабыл етсін (орындасын) және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»» (Бақара сүресі, 186-аят). Егер бала ата-анасы үшін дұға етіп, Құранда айтылғандай сыйласа, Рахман иесі әлбетте қабыл етер еді.
Ата-ананы қадірлеу турасында Алла Тағаланың жіберген шариғатынан мына бір аятты айтқанның өзі жеткілікті. «Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле…» ( «Исра» сүресі, 23-аят), – делінген.
Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап: «Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп дәріптеген («Рағыд» сүресі, 20-21-аяттар).
Екіншіден, ғаламтор арқылы діни сауатын ашу. Бүгінгі ақпарат соғысы жайлаған уақытта ғаламтордағы мәліметтердің дұрыс я бұрыс екенін білу қиынның қиыны болды. Жастар өмір жолын үйретін діни мағұлматтарды арнайы ұстаздардан емес екінің бірі жаза беретін интернеттен алады. Бұл – үлкен қателік. Манитор ұстаз болмайды! Дәстүрлі дінімізге жат материалды бойына сіңдірген жастар ата дінімізден алшақтап, дәстүрді де жат көріп, қоғамда бөлінушілік пен алауыздық осыдан пайда болды. Шындығында, Ислам діні – адамзат баласын қараңғылықтан жарыққа шығарып, тура жолға бастайтын бірегей дін. «Түп-түгел Алланың дініне жабысып, бөлінбеу» (әли Имран, 103) – дініміздің басты қағидасы. Себебі, бұл – адам баласының жаратылу мақсаты. Бұл туралы Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: Ей, адам баласы. Ақиқатында сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендердің бір-бірлеріңді тануларың үшін, сендерді ұлттар, рулар қылдық (Хужурат, 13).
Елімізде етек алып бара жатқан діни алауыздықтың ең басты себебі, алдымен, діни сауатсыздықта жатыр. Бір өкініштісі – адасқан баласын дұрыс жолға бастайды деген алдыңғы толқын, аға буынның діни сауат ашуына – жоғарыда айтқан діннен қорқыныш сезімі кедергі келтіруде. Діннің жолына түскен жандардың дініміздің қайнар көзінен сусындамай, сүннетке қайшы келуі ұлт санасында қалыптасқан қоғамдық көзқарасқа әсер етпей қоймасы анық. Имам Ғазали еңбегінен алынған үзіндіге зер салсақ, білім алушының жағдайына қарай оның мойнына парыз етілген істерге қатысты мәселелерді бірінші орынға қойып, әркімнің мамандығы мен кәсібіне қатысты шариғат үкімдері мен әмір-тыйымдарын үйрету керек. Хазіреті Омардың (р.а.): «Сауданың үкімін білмейтін адам базарға шықпасын», – деген сөзі осыны меңзейді.
Үшінші, жастар арасындағы діни адасушылық – талақ. Әлемде отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Жесір қалған келіншек, жетім қалған бүлдіршіндер – сіз бен біздің баламыз немесе әпке-қарындастарымыз емес пе? Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ажырасу – рұқсат етілген, бірақ Аллаға ұнамсыз іс», – деп ескерткен. Жастар үшін ажырасу оп-оңай дүниеге айналды. Үйленеді ұнамай қалса, «талақ» айтып басқасын ала салады. Ал бірінші әйелін 3 ай мерзім күтпей-ақ өз досына үйлендіре салады. Осылайша, қарындастарымыз бірнеше еркекке тұрмысқа шығып, көтерген баласының әкесі кім екенін де білмейді. Қарап тұрсақ, бұрынғы жаһилия дәуірінде әйелдер баласының әкесі кім екенін білмей таңдау жасаған надандық әрекетінің бүгінгі жат ағым жетегінде жүрген бауырларымыздың тағдырында қайталанып жатқанын анық байқаймыз.
Бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі өзектілігін жоғалтпайтын тақырып. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар мәселесін әрдайым назарда ұстап, олардың толыққанды діни білім алуына, мешіт имамдарымен тұрақты қарым-қатынаста болуларына мүмкіндіктер жасап, тиісінше қолдау білдіріп келеді. Жастарды діни адасушылықтан сақтайтын бірден бір жол – діни сауатты ашу болып қала бермек.
Ержан АМАНБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Жастар ісі жөніндегі өкілі,
«Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы.