5-6 маусым күндері Алматы қаласында өткен «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогіне арналған XIX республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Турнирдің мақсаты – мжастардың ойлау көкжиегін дамыту, қоғаммен байланысын арттыру. Әр облыстағы жастардың басын біріктіріп достық шекарасын нығайту.
Ұшқыр сөз бен ұтқыр ой сыналған сайысқа еліміздің барлық өңірінен 20 команда қатысты. Екі күнге жалғасқан сайыста жастар экономика, саясат және әлеумет тақырыптарын арқау етіп, өзекті мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.
Тартысты өткен турнир нетижесінде «Жамбыл» фракциясы топ жарып, І орынды жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ орынды Ақтөбе облысының «Ақтөбе Арланс» фракциясы иеленсе, ІІІ орын Түркістан облысының «Тұран» фракциясына бұйырды. Жеңімпаз атанған командаға 400 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Дәстүр бойынша келесі пікірталас жарысын жеңімпаз атанған өңір өткізеді. ХІІІ турнир 2015 жылы Жамбыл өңірінде өткізілген болатын. Турнирдің өңірімізде өтуіне пікірсайысшылар, қазіргі кездегі мемлекеттік қызметшілер Серікбол Берікқожа мен Ернұр Мадияров себепкер болған. Араға жеті жыл салып 2022 жылы ХХ республикалық турнир Жамбыл жерінде өткізілмек.
Айта кету керек, аталмыш республикалық пікірсайыс турнирі партияның «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен 2002 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Е.Әбуғали, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының консультанты
Дереккөз Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы