Жамбыл облысында дәстүрлі садақ атуды дамыту, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау және жас спортшылардың шеберлігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы өңір садақшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, командалық және жеке есепте нәтижелер көрсетті.
Жыл басынан бері жамбылдық спортшылар бірнеше маңызды бәсекеге қатысып, өңір намысын қорғады. 14 ақпанда Алматы қаласында өткен Оңтүстік садақшылар лигасында Жамбыл облысының командасы екінші орын иеленді.
Сәуір айында Жамбыл облысының Талас ауданында ұйымдастырылған «Қызғалдақ Мұра» халықаралық ашық турнирінде Қиялов Нұралы мен Менлибаева Индира жеңімпаз атанды. Ал Қиялов Тоқтар мен Арапбаева Назым екінші орынға тұрақтаса, Менлибаев Ерболат пен Мақұлбек Мөлдір жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Маусым айында Орал қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Азаматұлы Айсұлтан мен Ізтелеу Аяла екі дүркін чемпион атанды. Сондай-ақ Оразалиев Керімзат күміс, Ізтелеу Адина қола жүлдеге қол жеткізді.
Шілде айында Сәтбаев қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогінде Жамбыл облысының командасы үшінші орын иеленді. Тамызда Қарағанды қаласында ұйымдастырылған ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогінде Қиялов Нұралы күміс жүлдегер атанса, Өскемен қаласында өткен жастар арасындағы ел кубогінде Мақұлбек Мөлдір, Икрамқұл Назерке және Нұрахан Жасмин қола жүлдеге ие болды.
Өңірде дәстүрлі садақ атумен қатар, ұлттық спорт түрлерін жастар арасында кеңінен танытуға ерекше мән беріледі. Осы мақсатта білім беру ұйымдары мен спорт мекемелерінде шеберлік сабақтары, таныстырылымдар, көрмелік өнер көрсетулер және бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен бірге ұлттық спорт шеберлерімен және тәжірибелі жаттықтырушылармен кездесулер өткізіліп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға жағдай жасалуда.
Ауылдық жерлерде де ұлттық спортты дамытуға көңіл бөлінуде. Спорт алаңдары мен жаттығу орындарын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Аталған бастамалар ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, дәстүрлі садақ атудың танымалдығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға ықпал етеді.







