Оған еліміздің түкпір-түкпірінен үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері және мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты. Азаматтық қоғамды дамытуға арналған бұл маңызды алаңда тәжірибе алмасу, жаңа бастамалар мен азаматтық сектордағы түйіткілді мәселелерді талқылау күн тәртібіне қойылды.
Форум аясында бірінші күні үш секциялық кездесу ұйымдастырылды. Бірінші секцияда цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы тақырыбы қозғалды. Бұл бағытта «Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Намелбек сөз сөйлеп, «Komek AI» жобасы аясында big data мен жасанды интеллект құралдарының ҮЕҰ жұмысындағы тиімділігін арттыруға қосып жатқан үлесі туралы ауқымды баяндама жасады.
Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша түсіндіру және мемлекеттік органдармен тиімді жұмыс жүргізу мәселелері бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Әйгерім Каримова және осы орталықтың департамент басшысы Алихан Шакенов қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, нақты ұсыныстар айтты.
Екінші секцияда инклюзивтілік пен теңдік, соның ішінде осал топтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы мәселелері талқыланды. Бұл бөлімді модератор ретінде «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Айгерім Дәулетбаева жүргізді. Секция барысында «Шапағат» оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Шынаркүл Женсікбаева (Қызылорда облысы), «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Түлемісова (Жетісу облысы), «ZHAMBYL-BOCHCHA федерациясы» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өкілі Меруерт Ерсай, «Шапағат» қоғамдық қорының директоры Севара Нурматова, «Қазақ соқырлар қоғамы» Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлнұр Нурмашева және «В мире тишины» мүгедектер қоғамдық қорының төрағасының міндетін атқарушы Алмаш Ибрагимова өз ойларын ортаға салып, қолдауды қажет ететін азаматтар үшін нақты жағдай жасау жолдарын ұсынды.
Үшінші секцияда үкіметтік емес ұйымдарды еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімдеу мәселесі көтерілді. Бұл кездесуде «Kitap Qurttary» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібай (Қызылорда облысы) және ҚР Ұлттық Құрылтайының мүшесі Дания Қыдырбаева сөз сөйлеп, ҮЕҰ-ның болашағы мен салаға жастарды тартудың жаңа тетіктерін ұсынды.
Форумның алғашқы күнінің соңында үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңнама мен нормативтік құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Бұл бағытта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева және «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Түлемісова заңнамалық базаны жетілдіру мен ҮЕҰ-ның құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша өз пікірлерін білдірді.
Форумның бірінші күні қоғам мен мемлекеттің ынтымақтастығын нығайтатын, тың идеялар мен өзекті ұсыныстарды ортаға салатын маңызды алаң ретінде өз міндетін толық атқарды. Қатысушылар азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін бастамаларды қолдап, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.