Жамбыл облысында креативті индустрияны дамыту, шығармашылық кәсіпкерлерді қолдау және жергілікті брендтердің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Qazaq Creative ұлттық платформасында өңірден 257 креатор ресми тіркелген. Бұл Жамбыл облысында шығармашылық экономикаға қызығушылық артып, түрлі бағыттағы жобалардың дамуына мүмкіндік қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Өңірдің креативті әлеуетін кеңінен таныту мақсатында 2026 жылғы 5–6 қыркүйекте Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында «Асқақ рухты Әулиеата» креативті жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жамбылдық шығармашылық кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен таныстыру, олардың нарыққа шығуына жағдай жасау және жаңа іскерлік байланыстар орнатуына мүмкіндік беру.
Жәрмеңкеге облыстан 50-ден астам креативті индустрия өкілі қатысып, экономикалық қызметтің 53 түрінің 31 бағыты бойынша өз өнімдері мен жобаларын ұсынды. Көрме алаңында ұлттық қолөнер бұйымдары, этнодизайн өнімдері, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, авторлық брендтер, кітаптар, картиналар, мүсіндер мен фотожұмыстар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар заманауи IT-технологиялар, жасанды интеллект негізіндегі жобалар, цифрлық білім беру шешімдері мен инклюзивті шығармашылық өнімдері таныстырылды.
Іс-шара аясында «ASPARA» брендінің сән көрсетілімі мен Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Осылайша, жәрмеңке ұлттық мәдени мұраны заманауи шығармашылық бағыттармен ұштастырып, өңірдің өзіндік ерекшелігін танытатын алаңға айналды. Екі күн ішінде жәрмеңкеге шамамен 6 мың адам келіп, жамбылдық креаторлар 15 млн теңгеден астам өнім сатты. Бұл жергілікті шығармашылық өнімдерге деген сұранысты танытып, авторлық брендтерді ілгерілетудің маңызын көрсетті.
Креативті индустрияны дамытудың маңызды бағыттарының бірі – шығармашылық жобаларды қаржылай қолдау. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының креаторлары ұсынған әртүрлі экономикалық бағыттағы 27 жоба гранттық қаржыландыруға іріктеу мақсатында қарастырылуда. Бұл бастама жаңа идеяларды жүзеге асыруға, шығармашылық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және кәсіпкерлік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2026 жылғы қыркүйекте жарияланған әдеби шығармашылық конкурсқа Жамбыл облысынан төрт жоба қатысып, қазіргі уақытта конкурс қорытындысы күтілуде. Бұл өңірдегі әдеби шығармашылықты қолдау және авторлардың жаңа туындыларын ілгерілету бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді.
Креаторлардың кәсіби дамуына да назар аударылуда. 5–8 қазан аралығында Шымкент қаласында өткен акселерациялық бағдарламаға Жамбыл облысынан 10 шығармашылық өкіл қатысып, білімдері мен кәсіби дағдыларын жетілдірді. Бағдарлама креативті жобаларды дамытуға, оларды жүзеге асыру тәсілдерін меңгеруге және шығармашылық идеяларды нақты өнімге айналдыруға бағытталды.
Жалпы, Жамбыл облысында креативті индустрияны дамыту жұмыстары шығармашылық кәсіпкерлерді қолдауды, жергілікті брендтерді танытуды, жаңа жобаларды іске асыруды және кәсіби әлеуетті арттыруды қамтиды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы бастамалар өңірдің шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, креативті экономиканың дамуына ықпал етуге негіз болады.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







