Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті. Тараз қалалық Мәденеиет үйінде өткен кездесуге келген аналардың қарасы қалың болды. Олар аймақ басшысы алдында түрлі әлеуметтік мәселелерін көтеріп, тілек-өтініштерін білдірді.
Өз кезегінде Асқар Исабекұлы өңірдегі аз қамтылған және көп балалы аналарға қажетті көмектер барынша көрсетілетінін, ол үшін биылғы бюджет есебінен 30 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста биыл 10 жатақхана салынады. Оның 7-і облыс орталығынан, 3-і Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларынан бой көтермек. Бұл жатақханалар тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көп балалалы отбасыларды қамтитын болады. Ал, осындай отбасылардан шыққан облыс мектептерінде оқитын 29 мың баланың ыстық тамағына 2 миллиард теңге, мектеп формасын алып беру үшін 500 миллион теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, 23 мың оқушыға жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілмек.
Сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан оқушылар мен түлектер үшін де айтарлықтай жеңілдіктер жасалынады. Айталық, биыл колледждерге бөлінетін 13 мың гранттың 50 пайызы аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына тиесілі болмақ. Яғни, 6 жарым мыңға жуық студент мемлекет есебінен колледждерде тегін оқытылады. Олардың шәкіртақысы мен тамақтануына 1,7 миллиард теңге қаралмақ.
7500 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың коммуналдық төлемдерін төлеп беру үшін 500 миллион теңге бөлінеді.
Асқар Исабекұлы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 70 пайызы ауылда тұратынын ескеріп, оларға демеушілер есебінен қайтарымсыз мал беру шаралары да қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, өңір басшысы әлеуметтік қолдау көрсету үшін құрылатын арнайы комиссия құрамына да барынша көпбалалы аналардың қосылатынын тілге тиек етті.
Респибликалық «Бақытты отбасы» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық «Қамқор» жобасы қолға алынған. Оған 1 мыңнан аса еріктілер тартылды.