«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының негізінде Елордасы Астана қаласының 20 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Домбыра – халық мұрасы» атты іс-шара өтті. Елбасының Жарлығымен 1-шілде Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Домбыра – ұлтымыздың символы. Домбыра көне заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Әр қазақ үшін домбыраның үні қымбат. Домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келген.
Бүгінгі шараға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев бастаған 300-ге жуық домбырашы қатысты. Салтанатты мерекеде Әбдімомын Желдібаевтың халқымызға белгілі «Ерке сылқым» күйі, Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», Құрманғазының «Балбырауын» күйлері орындалды. Жоғарыдағы аталған 300 домбырашының ішінде облыстық филармония, облыстағы мәдениет қайраткерлері, облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының жастары, мектептен тыс жұмыс орталығының, колледждердің, орта мектептердің білім алушылары болды. Іс-шара барысында Облыстық қазақ драма театрының «Домбыра үні» атты театрландырылған қойылымы қойылды және де аталған іс-шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей және Халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат домбырашыларға дирижерлік етті.
ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев:
Киелі домбыра аспабын дәріптеу бұл үлкен іс-шара деп білемін. Қазақтың халық аспабын дәріптеу бұл қазақ халқын дәріптеу деп білемін. Рухани жаңғыру аясында, Астанамыздың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған керемет кезең. Домбыраның тойлануының өзі халықтың болашағы жарқын болады деп сенуге де болады. Бұл мерекенің өзі қазақ халқының он мыңнан астам дәстүрлі ән-жырларын дәріптеуге мол мүмкіндік береді. Халқымыз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын».
ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі күйші, композитор Әбдімомын Желдібаев:
«Осы күнде Елбасымыз даналық жолымен, атадан қалған асыл мұра, өшпес мұра-домбыра күні аталсын деп белгіледі. Елбасымызға Жамбыл облысының халқының атынан мың алғыс айтқым келеді. Жыр алыбы Жамбылдың мынадай сөзі бар: «Сия сауыт қаламсыз, дәптер-кітап қағассыз, ой қозғаған домбыра, сөз қозғаған домбыра». Не деген даналық сөз?! Қазақтың өшпес мұрасы атадан қалған домбыра қазақ халқы тұрғанда қазақпен бірге мәңгі жасайтыны ақиқат. Домбыра-қылыштан өткір, жебеден жүйрік қазақ мұрасы. Домбыраның қоңыр үні қазақ халқына мәңгілікке сіңген құдіретті үн. Домбыраның үні асыл бабалардың үні, домбыра қашанда болсын басып айта алмаған, жеткізе алмаған құбылысты домбыра жеткізген. Домбыра арқылы елдің, адам тағдыры шешілген құдірет. Сондықтан осы шараның болуы қазақ халқының мерейіен, рухын көтеретіні сөзсіз. Елбасымыздың осындай іс –шара ұйымдастырылсын деп үндеу тастап, қазақтын халқымен бірге жасасып келе жатқан домбыра күні аталсын дегенге мың алғыс айтқым келеді. Көп рахмет! Домбыра күні құтты болсын!».
Фото автордікі
Ерсұлтан Нүсіпжанов