Қазіргі таңда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандардан жалпы 907 жас маусымдық жұмыстарға тартылған.
Облыста жастарды еңбекке баулу, маусымдық жұмыспен қамту, олардың азаматтық белсенділіктерін арттыру, қоғамның дамуына үлес қосу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен алдыңғы жылдары студенттік құрылыс жасақтары Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарында жұмыс атқарды.
Студенттік құрылыс жасақтары сапында жұмыс атқарған жастарға 4 жыл мердігерлер тарапынан еңбекақы төленіп келген. Бұл өз кезегінде жазғы маусымда студент жастардың уақытша жұмыспен қамтылуына, бос уақытын тиімді пайдалануға және жастар арасындағы қылмыстылықтың алдын алуға септігін тигізеді. Алайда, мердігер компаниялардың студенттерді құрылыс нысандарына жұмыс жасауға қабылдау ниеті болмағандықтан, 2021-2022 жылдары аталған жоба іске асырылмаған болатын. Биылғы жылы жоба басқарма тарапынан қайта іске қосылмақ.
Бүгінгі күні Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен студенттік құрылыс жасақтары құрылып, Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарына маусымдық жұмысқа жолдануда. Қазіргі таңда, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тарапынан 7 құрылыс нысанына 60 студентті, Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан 1 құрылыс нысанына 40 студентті қамту мүмкіндігі қарастырылған.
Басшының мәлімдеуінше М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті тарапынан жұмыс істеуге ниетті 33 студент анықталып, өз өтініштеріне сәйкес құрылыс нысандарына бөлініс жасалған.
Аталған оқу орындарында студенттерге маусымдық жұмыспен қамту аясында ұсынылып отырған жұмыс орындары таныстырылып, басқарма тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, құрылыс нысандарында студенттік жасақтар жатын орынмен және түскі уақытта 1 мезгіл ыстық тамақпен қамтылатын болады. Аталған бағытта мердігер ұйымдармен жұмыс жүргізілуде.