7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесіне қарасты Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өртке қарсы қызмет органына қызметке жаңадан қабылданған
қызметкерлермен салтанатты түрде Отан алдындағы ант қабылдау рәсімі өткізілді. Аталған шара Қазақстан Республикасының Әнұранын айтудан басталды.
Шара барысында Айдос Қасқаев, Асқар Базарбаев, Асхат Кабираев сынды азаматтық қорғау қызметкерлері жұмысқа жаңадан қабылданған жас мамандардан ант қабылдады. Одан әрі Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мақсат Амантайұлы Қосыбаев өрт сөндіру саласына жаңа қадам басқан қызметкерлерге қызметте сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізді құттықтауын жеткізді.
Ал Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қанжар Токтогулов өрт сөндіру мамандығының күрделі мамандық екендігін тілге тиек етіп, мұнда қызметке
орналасқан әрбір жан қайсар мінезді әрі қиындыққа төзімді болып шыңдалуы тиіс екендігін айтты. Ол сондай-ақ өз сөзінде өрт сөндіру қызметінің заман көшінен қалмай, үнемі қарқынды даму үстінде келе жатқандығын атап өтіп, соңғы жылдары өрт сөндіру саласының заманауи өрт сөндіру-құтқару
құралдарымен және техникаларымен анағұрлым жабдықталғандығын, сондай- ақ қазіргі таңда жеке құрамның жұмыс істеуіне барлық жағдайдың жасалғандығын мақтанышпен жеткізіп, бүгінгі ант қабылдаған жас от жауынгерлеріне еңбекте табыс тіледі. Мерекелік шара барысында кейбір қызметкерлер атқарған еңбегіне орай тиісті наградалармен марапататталса, енді бірі арнайы атақтарды иеленді. Атап өткен жөн, ант қабылдаушы жас мамандардың ата-аналары да сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қоғаммен байланыс тобы