Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 мамырдағы № 23 Қаулысына сәйкес мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау үйде жүргізіледі. Олардың қатарына егде жастағылар, созылмалы аурулары бар науқастар жатады.
Мобильді егу бригадасының құрамында терапевт дәрігер мен егу медбикесі бар. Вакцина салу алдында адамның қан қысымы мен жүрек соғысы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер қалыпта болса, онда екпе салуға болады және пациент үй жағдайында 30 минут дәрігердің қарауында болады.
Осыған орай, бүгіннен бастап Жамбыл облысында коронавирус екпесін үйге барып салуға арналған мобильдік топ жұмыс істей бастады. Алғашқылардың бірі болып мұндай қызметті пайдаланғандардың бірі – 69 жастағы Уруза апай. У. Әуелбекова — 30 жылдан астам уақыт бойы қант диабетімен және жоғары қан қысымымен ауырады. Екінші топтағы мүгедек.
Өз бетімен жүре алмағандықтан, екпені үйінде салуға келіскен. Қарияны алдымен медициналық тексеруден өткізіп, талдау-сараптау қорытындыларын қарап шыққан дәрігерлер оған «Хаят вакс» вакцинасын салды. Алдағы уақытта екпенің екінші кезеңін де үй жағдайында салып беретіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ, қарияны тұрғылықты мекен-жайы бойынша емхана өз бақылауына алатын болды. Үйіне келіп, денсаулығын тексеріп, әрі індеттен сақтайтын екпені салып берген мамандарға ол алғысын білдірді:
— Мен теледидардағы жаңалықтан көріп, егде жастағы және мүгедек тұрғындарға үйге келіп салуға болатындығын ести сала, емханаға хабарластым. Олар маған бірден келісім берді. Міне, бүгін маған дәрігерлер үйіме келіп екпе салып берді. Дәрігерлерге үлкен рақмет! Бұл — мен сияқты өз бетімен жүріп-тұра алмайтындарға өте ыңғайлы екен.
Гаухар Дөненбаева, «Жанұя» емханасының терапевті:
— Бүгін біз вакцинацияны үйде бастадық. Халықты иммундау науқаны басталғалы бері біздің медициналық мекеменің негізінде 5300-ден астам адам вакцинацияланды. Жанама әсерлер байқалған жоқ. Біз халықты екпемен қамтуды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Енді бүгіннен бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың және созылмалы аурулары бар адамдардың үйіне барып, олардың екпе алуға өтініш білдірушілеріне салуды бастап отырмыз. Тек салып кете салмаймыз, әрі қарай да оның денсаулығын бақылауға алатын боламыз.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі