2018 жылдың 6 сәуірінде «Динамо» спорт кешенінде Жамбыл облысы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Полиция Барысы – 2018» облыстық турнирі өткізілді.
Қазақ күресі халқымыздың тарихымен тұтастай байланысты. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» — деп дана халқымыз айтпақшы, қазақ батырларының әрқайсысы күрес шеберлері болған. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы – Француз күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ, ауыр салмақтағы классикалық күрестен бірнеше рет әлемді бағындырған палуан. Қазақ даласының Балуан Шолағы да жауырыны жерге тимеген палуан.
Бүгінгі турнир қатысушылары қатарында да батыр бабаларының ізін басып, Азия, республика чемпиондары атанған полиция қызметкерлері бақ сынасты.
Іс-шараға ІІД басшылығы және жеке құрамы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақ күресінен» халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Ринат Дүйсенов қатысты.
Спортшылар үш салмақ дәрежесі бойынша тартысқа түсіп, нәтижесінде 80 келі салмақта ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция лейтенанты Әлмұхан Орынбаев жеңіске жетсе, 90 келі салмақта ІІД ЖҚАЖ инспекторы полиция аға лейтенанты Бегімхан Әділбеков жеңімпаз атанды, ал 90+ келі салмақ дәрежесі бойынша ІІД ЖҚАЖ инспекторы полиция майоры Жалғас Бекмұратов 1-орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ең қызықты сәт – облыс бойынша «Полиция Барысы – 2018» иегерін анықтау кезеңінеде ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы инспекторы полиция аға лейтенанты Бегімхан Әділбеков қарсыластарына дес бермей, арнайы белбеуді жеңіп алды.
Жеңімпаз атанған спортшылар қазақ күресінен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі чемпионатына жолдама ұтып алды.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі