Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы «Құрмет» орденімен, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
– Журналистика – тек халыққа ақпарат жеткізудің құралы ғана емес, сонымен қатар асқан жауапкершілік пен шеберлікті, терең мәдениеттілік пен білімділікті қажет ететін мәртебелі мамандық. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне үнемі қолдау білдіріп, зор сенім артып келеді.
Президент: «Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқарады», – деп сала мамандарының қоғамдағы орнын нақты атап өткен болатын.
Шын мәнінде, сіздер еліміздің рухани дамуына, адамгершілік құндылықтарды сақтауға айрықша үлес қосып келесіздер. Осы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Өңір басшысы жас журналистердің ақпарат саласындағы аға буын қалыптастырған игі дәстүр мен сабақтастықты табысты жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ облыстық және аудандық басылымдарды, журналистика майталмандарын мерейтойларымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мерекелік шара марапаттау рәсімімен жалғасты.
Журналистика ардагері Әбділда Сәрсенбиев пен «Шу өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Бұдан бөлек, бірқатар БАҚ өкіліне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, өңір басшысының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хатымен TURANINFO.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Исламбек Дастанұлы марапатталды.

Шара барысында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев пен Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов мерекелік марапаттар тапсырды.
Ардагер журналистер атынан Көсемәлі Сәттібайұлы мен Ғалым Қасабай сөз сөйлеп, әріптестеріне жүрекжарды тілектерін арнады.
Іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды.