Жамбыл облысында коллекторлық қызмет белгілері бар 2 заңды тұлға тіркелген
Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында, ҚР «Коллекторлық қызмет туралы» заңын жамбылдық БАҚ өкілдеріне түсіндірді.Аталған жиынға ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры Шарыгин Евгений Евгеньевич ,ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы директорының орынбасары Берікбосынов Нұрлан Маханбетұлы, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының бөлім бастығы Төлепбергенов Дәурен Абданұлы және өңірлік банк басшылары мен коллекторлық қызмет өкілдері қатысты.
Спикердің сөзіне сүйенсек, 2017 жылғы 2 маусымда «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді. Жаңа Заң борышкердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, коллекторлардың қызметінің ашықтығын, берешектерді өндіру бойынша жұмыстың тиімділігін және қауіпсіздігін көтеруге бағытталған. Коллекторлық ұйымдар ұзақ уақыттан бері біздің өмірімізге кеңінен еніп кеткеніне қарамастан, олардың қызметі заңмен реттелмеген және мемлекеттік органмен бақыланған емес. Ол берешекті өндірудің заңға қарсы және этикалық емес әдістерін қолдануға жағдай жасады. Осы Заң коллекторлық агенттікті есептік тіркеу арқылы реттеуді, реттеуші есептерді тапсыруды, олардың коллекторлық қызметті жүзеге асыру ережелерін орындауын тексеруді көздейді. Коллекторлық агенттіктің атауында мiндеттi түрде «коллекторлық агенттік» деген сөздер қамтылуға тиiс. Коллекторлық агенттіктің атауын қысқартуға жол берілмейді. Коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілмеген заңды тұлға коллекторлық қызметті жүзеге асыруға, өзін коллекторлық қызметпен айналысушы ретінде сипаттауға, сондай-ақ өз атауында «коллекторлық агенттік» деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді пайдалануға құқылы емес. Коллекторлық агенттіктердің тізіліміне ену үшін заңды тұлғаға әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өткен күннен бастап үш ай ішінде ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалында есептік тіркеуден өтуі қажет. Алдын ала мәліметтер бойынша Жамбыл облысында коллекторлық қызмет белгілері бар 2 заңды тұлға және 15 аймақтық филиалдар/өкілдіктер тіркелген.
Осы Заң 2017 жылдың 2 маусымнан бастап күшіне енуіне байланысты коллекторлық қызмет белгісі бар ұйымдар 2017 жылғы 2 желтоқсанға дейінгі мерзімде коллекторлық агенттік ретінде әділет органдарында қайта тіркеуден өтуі қажет.
Осы талаптарды орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйым қайта ұйымдастырылуға не болмаса мәжбүрлі түрде таратылуға жатады,-деп хабарлады Евгений Евгеньевич.
TURANINFO.KZ