Жамбыл облысында бизнес мәселелері түсіндірілді
Жуалы ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында тақырыптық қабылдау өтті.
«Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен қабылдауды Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының Жуалы аудандық филиалының директоры Нұрбол Қуанышбеков жүргізді. Алдымен қабылдауға Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылынан Кеңескүл Сексенбаева келді. Бәйтерек ауылы төрттүлік өсіруге қолайлы жер болғандықтан Кеңескүл апа мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несие алу мәселесін қозғады. Көлбастау ауылының тұрғыны Амангелді Қожаровтың да сұрағы осы сұрақпен мағыналас. Ол да өз үйінде төрт-түліктің басын көбейуді мақсат тұтып отыр.
Түскен сұрақтарға кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрбол Қуанышбеков, «Бизнес инкубатор» КММ директоры Заирбек Сұлтанмұратов кеңінен зерделеп жауап берді. Нұрбол Қуанышбеков «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы туралы және «Бизнес бастау» жобасы бойынша бір айлық курстан өтіп, бизнестің қыр-сырын үйренуге болатынын айтты. Қабылдауға үшінші болып Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Гауһар Рахманова келді. Ол аудан орталығынан сән салонын ашпақ ниетте екенін жеткізіп, жұмысты бастауға қандай жеңілдіктер бар екені сұрады.
Оған да қабылдаушылар тиянақты жауап берді.