Биыл Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 134 баспананың құрылысы жүргізіліп, мұқтаж отбасыларға беріледі деп жоспарланған. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба биыл да жалғасын тауып, аудандарда жүзеге асырылуда. Игілікті іске ұйытқы болған ерікті жандардың көмегімен Меркі ауданының тұрғыны Қобылан Жүсіповтың отбасы қоныс тойын тойлады. Меркі ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылдық округінің тұрғыны Қобылан Жүсіпов ұл мен қызды тәрбиелеп отырған зейнеткер әке. Көру қабілеті нашар. Ол, мүгедектігімен қоса талай жыл тұрғын үйге қол жеткізе алмай, қарындасының қарауында болған. Ауыл тұрғындарының шешімімен «Асарлатып үй салу» жобасының арқасында қарт зейнеткерге баспана салынып, кілті тапсырылды. Ақсақалдың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Руслан Нұрсипатов қатысып, жылы лебізін білдірді:
-Біз жетімін жылатпай, жесіріне қамқор болған елміз. Үй соғудағы мақсат – тек мұқтаж адамды баспанамен қамту ғана емес, оның астарында халықтың ынтымағы мен берекесін арттыру жатыр. Қазір облыс бойынша, басқа аудандарда да асарлатып үй салу жалғасуда. Бұл еліміздің бірілігі мен тірлігін, халқымыздың ауызбіршілігін, бір-біріне деген бауырмалдығын білдіреді деп есептеймін. Сондықтан, бүгінгі үлкен игі іске атасалысқан азаматтарға аудан жұртшылығының және өзімінің атымнан рахметімді айтып, басымды иемін. Елім, жерім деп, осындай игі істерге үн қосатын азаматтар барда ауданымыздың одан әрі өсіп-өне берері сөзсіз»- деді.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек жұртшылықты елдің бірлігін сақтап, ынтымағын арттыруға, жас ұрпақты кішіпейілділікке, татулыққа, қамқорлыққа шақыруға ат салысуға үндеді.
Айта кету керек Меркі ауданында биыл жыл соңына аталған жоба аясында 13 үйдің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі