Жүгері, қылша еккен шаруалар үлкен шығынға батқан. Олар биылғы қуаңшылық салдарынан болған шығындарын үкіметтің көмегі арқылы өтеп алудан үмітті. Мұны билік пен жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудан әкімдері растап отыр. Алайда арпа мен бидай мәселесі тым күрделі. Өйткені ең боласа малға жем болсын деп соқаға ілінер-ілінбес жағдайда орып алып жатқан жағдайлар бар. Бұл тұрғыда біз осы салаға жауапты басқарма ретінде Жамбыл облысында орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты шаруалардың күрделі мәселесі бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловқа бірнеше сауалмен қайырылған болатынбыз.
Оның айтуынша бүгінгі таңда өңірде алты ауданда төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай суармалы алқапта орналасқан ауыл шаруашылықтарға жарияланып отыр. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алты ауданда комиссия құрылған. Комиссия қазіргі таңда қызу жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен алқаптарды нақтылап, зерделеуде.
Шаруалар үшін биылғы жылдың ауа-райы өте қолайсыз болып отыр. Көрші Қырғызстаннан алынатын су көлемі де тым аз. Басқа да су қоймаларынан су алу тоқтады. Талас өзенінен келіп жатқан су көлемі зерделенген егін алқаптарының ішінде аман алып қалуға мүмкіндігі молырақ алқаптарға жіберілуде. Ал кейбір алқаптарға бұл су жетпейді. Бұл мәселе шаруаларға түсіндіріп айтылды. Мемлекет тарапынан қолдау болатыны да хабарланды. Түсіндірме жұмыстары толық жүргізіліп жатыр.
Шәкір Момынқұловтың баяндауынша құрғақшылықтан ең қатты зардап шегіп отырған масақты дәнді-дақылдар. Оларға негізінен арпа мен бидай жатады. Барлығы 378 000 га аумақта орналасқан. Бүгінгі таңда осы көлемнің 98 пайызы ауа райының қолайсыздығына байланысты ерте орылып отыр. Жылда егін егу науқаны шілде айында басталса, биыл маусым айының 20-нан бастауға тура келді. Он күнге ерте басталды. Біраз ауданда әлі де орылмай қалған алқаптар бар. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданында 5000 га аумақ арпа-бидай орылмай отыр. Бұл мәселеге облыс әкімінің тапсырмасы бойынша комиссия тағайындалып, жұмыс атқаруда. Зардап шеккен алқаптар нақтыланады. Ауыл шаруашылығы басқармасына жұмыс нәтижесі бойынша ақпарат ұсынылады. Сол бойынша шығын көлемі анықталады.
Қазіргі таңда алты аудан бойынша су тапшылығынан зардап шеккен 8000 га-дан астам алқап анықталды. Оның ішінде 2300 га-дан астам қант қызылшасы, тамшылатып суғару тәсілімен өсетін жүгері дәндерінің алқаптары қатты зардап шегіп отыр. Әсіресе Қордай ауданынан 2235 га жүгері алқабы қурап қалды. Пияз бойынша да салыстырмалы түрде былтырға қарағанда 35 пайызға аз өнім алдық, — дейді Шәкір Момынқұлов.
Мұнымен қоса биыл жоңышқаның көлемі де төрт есе азайған. Ол көп жылдық шөпке жатады. Биыл көп зардап шеккен бірінші жыл егілген жоңышқа екен. Себебі оның тамыры өте әлсіз болады. Өніп кетуіне су керек. Көлемінің азаюына басты себеп осы. Жоңышқа бойынша берілген ақпаратқа сүйенсек, 2050 га-дан астам алқап күйіп кеткен. Бұл бағыт бойынша әлі де зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.
Шәкір Момынқұловтың сөзінше Қордай ауданында «Самғау» шаруашылығы Испаниядан жоғары сұрыпты, сапалы күнбағыс дақылдарын арнайы әкеліп, жаңа технология бойынша еккен. Қуаңшылықтан 130 га күйіп кетіпті. Әр гектарына 750 мың теңгеге жаңа тұқым алыныпты. Шаруалар үшін бұл тым үлкен шығын. Одан бөлек 440 гектар бақша өнімдері солып қалған.
Биыл алма да аз. Әрине оның тамыры тереңде болғандықтан суға қатты мұқтаж емес. Алайда сәуір айында жүрген үсіктен біршама өнім үсіп қалды. Нәтижесінде алма да жоспардан азырақ өнім беріп отыр, — дейді Шәкір Мадиярбекұлы.
Қуаңшылық салдарынан сан соғып отырған шаруалардың жағдайы біздің редакциямыздың басты назарында.
TURANINFO.KZ