Арақтан келетін зиянның орасан екенін баршамыз білеміз. Халқымыз ер балаға шаңырақ иесі, қыз балаға ұрпақ тәрбиешісі деп қараған. Текті қазақтың тегі бүлінбесін десек, бұл мәселеге бейжай қарамауымыз керек. Осылай деп дабыл қаққан «Аса адалдық алаңы» жобалық кеңсесі той-думанды арақсыз өткізуге, дүкендерде шарап сатпауға шақырды. Осы мәселе бойынша бірауыздан тұрғындарға үндеу тасталды. Ендігі шешім – кәсіпкерлерде.
Нақтырақ айтсақ, құрамында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, «Аса адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандар Тоқсаба, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Талғат Шынтасов және мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Айдын Минбаев бар топ «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында Қарасу, Ақбастау, Көлқайнар ауылдық округтерінде үгіт-насихат жұмыстарына ден қойды.
Ішімдік демекші, қылмыстардың көпшілігі азаматтардың спирттік ішімдіктерді ішкені салдарынан туындап отыр. Осы мәселелер тұрғындармен кездесу барысында жақсы айтылып, жан-жақты түсіндірілді.
– Келешекте ауданымыз бойынша ішімдік ішу тоқтатылса, қылмыс саны азаятынына кәміл сенемін. Ертеңгі ұрпақтың бүгін бесігін түземесек, ертең ел болудан қаламыз, – келелі жиында сөз алған Жандар Жамбылұлы осылай деді. Бүгінгінің жасы мен жасамысы ащы суға әуестенбей, дұрыс бағытта жүруі керектігін атап өтті.
Халықты қалайда зиянды әдеттерден арашалаған абзал. Саламатты өмір салтын қалыптастыруды мұрат еткен елімізде ішімдікке әуестенушілердің жолын кескен жөн болар.
Жәнібек АСАНОВ,