Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте орман қорында және елді мекендер айналасына ағаш отырғызу, сондай-ақ дала өртінің алдын алу бойынша қауіпсіздік шаралардың барысы қаралды.
Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектар алқапты алып отырса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр. Жалпы республика бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланса, соның 140 миллионы Жамбыл облысының орман қорына тиесілі.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков баяндама жасады.
Оның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5300 гектарға орман ағаштары көшеттен және тұқымынан егілуде.
Орман қорында отырғызылатын екпелерді көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында 26 га қарағаш, 180 га сексеуіл, 1,5 га қылқан жапырақты ағаш тұқымдарын өсіруге арналған тұқымбақтар саны артты. Ал, биыл 3300 гектарға 6,1 миллион көшет отырғызылған. Сонымен қатар, мемлекеттік орман қорындағы 4 мың гектарға күз айына 20 мың келі сексеуіл ағашының тұқымын себу жоспарланған. Ал елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың өңірлік жоспарына сәйкес 152,2 гектарға 179 мың түп көшет отырғызу межеленген болса, бүгінгі таңда ол 206,1 мың көшетке асыра орындалған.
— Жылда ағаш көшеттері отырғызылады, бірақ оның қанша пайызы көктеп, қаншасының қурап кеткенін есептеп жатқан ешкім жоқ. Осыны зерделеп шығуды тиісті мекемеге тапсырған болатынмын. Тал-дарақ отырғызған екенбіз, ендеше оны сумен қамтуды да естен шығармауға тиіспіз, — деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі орман қоры жерлерін егістікке, шабындыққа және мал жайылымына пайдалану жағын да қарастыру туралы тапсырма берді. Содан кейін елді мекендердің айналасына егілген тал-дарақтарға су жеткізілмесе қурап кететінін қала және аудан әкімдерінің назарына сала отырып, оларды күтімге алуды тапсырды.
— Біздің тараптан жүргізілген тексеру барысында аудандарда елді мекендер маңайына отырғызылған көшеттердің әлі күнге қоршалмағаны, кейбірінің сумен қамтылмағаны белгілі болды. Сондай-ақ Тараз қаласындағы Төле би даңғылының аяғы, Шымкент-Алматы тас жолы бойына отырғызылған ағаштардың суарылмағаны және арықтардың тартылмағаны анықталды. №13 шағын ауданда «Таза табиғат» акциясы аясында отырғызылған ағаштардың 50 пайызы қурап кеткен. Аудандар бойынша отырғызылған көшеттердің жағдайы қанағаттарлық. Шығымдылығы орташа есеппен 60 пайызды құрайды, — дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар басқарма басшысы облыс аумағында өрттердің алдын алу және жою жөніндегі атқарылған жұмыс барысына да тоқталып өтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы 6 табиғи өрт оқиғасы тіркеліп, 14 гектарды өрт шарпыған. Өрттің алдын алу мақсатында 11 мың гектар орман екпелерінің айналасы жыртылған. Бұл жұмыс облыста 46 пайызға орындалған. Ал департамент бастығы Т.Рысқұлов ауданында болған селден ешкім зардап шекпегенін және ешкімнің мүлкіне залал келмегенін айтты.
Сондай-ақ, басқосуда мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінің директоры Абай Кенжебек өз жұмысы бойынша хабарлама жасады. Оның айтуынша, «Сапсан» тобы құрылғалы табиғатқа залал келтірушілермен күрес жүргізіліп келеді екен. Қызыл кітапқа енген және қорық аумағынан аң-құстарды атқан қаскөйлер оқиға орнында ұсталып, үстерінен іс қозғалып, бір-екеуі түрмеге қамалса, өзгелері айыппұл арқалапты. Топ басшысы қызметтік куәлігін көрсетіп, әлі күнге орманшыларға бағынбай аң атуға тырысатын шенеуніктердің барын, оларға көмектескен орманшылардың қызметтен қуылғанын да тілге тиек етті.
— Сапсанды біз не ұшін құрдық. Заңсыздықтың жолын кесу үшін. Кейбір шенеуніктер сіздердің қызметкерлермен келісіп, түнде аңшылық жасайды. Біз солардың жолын кесуге тиіспіз. Қандай адам болмасын, бұл топ тікелей менімен жұмыс істейтін болады. Біз табиғат байлығын ұрпағымызға жеткізу үшін оны қорғай да білуіміз керек, — деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев заңға бағынбайтын қызметкерлер мен орманшылардың атын атап, бұқаралық ақпарат құраладары беттерінде жариялауды, оларға тек айыпппұл ғана салып қоймай, тиісті органдармен бірлесіп нақты шара қолдану бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі жиын барысында түскен сұрақтарды қайтара пысықтай келіп, тиісті басқармалар мен әкімдерге орман екпелерін сумен қамтуды қайтара тапсырды. Сондай-ақ табиғаттың тосын жағдайларына дайын болып, сел мен орман өртінің алдын алу бойынша бақылауды күшейту де міндеттелді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі