Өткен сенбіде сайтымызда облыс шенеуніктері бәсекелессіз, яғни конкурс жарияламай-ақ компаниялармен 1,4 млрд теңгеге келісім-шартқа отырғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.
Аталған жарияланымға байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасының мамандары түсініктеме берді.
Мәселе өңір аумағындағы аудандарда кейбір нысандардың жөндеу жұмыстарына, электр желілерінің жұмысына жандандыруға, жол төсеуге, бейнебақылау орнатуға жұмсалған қаражаттар турасында болып отыр.
Басқарманың хабарлауынша, Қордай, Талас және Сарысу аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен жыл басынан бері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңының 39-бабы 3-тармағы 4-тармақшасының негізінде бір көзден алу тәсілімен тікелей шарт жасасу арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалған (төтенше жағдайлардың салдарын жою және т.б.).
— Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 39-бабының 3-тармағының 4-тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу тауарларды, төтенше жағдайлардың зардаптарын оқшаулау немесе жою, ҚР аумағында алғаш немесе бірнеше қайтара анықталған жануарлардың ерекше қауіпті аурулардың, карантиндік нысандардың салдарын жою немесе немесе оқшаулау қызметтерін алу бойынша жүзеге асырылады.
Жергілікті деңгейде (дауыл тұруы және т.б. салдарынан) және жекелеген жағдайларда нақты нысандарда (білім беру нысандары және т.б.) төтенше жағдайлардың зардаптарын жою мақсатында қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалды.
Сонымен бірге, заңсыз шарттар жасасудың алдын алу мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, бұл бағытта тұрақты түрде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша жыл басынан бері 2,7 млрд теңгеге заңсыз жасалған 7 шарт анықталып, күші жойылған,- делінген хабарламада.