Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Елді мекендегі ауызсу құбырының тозығы жеткен. Бірде су сорғыш насосы істен шықса, енді бірде құбырдан ақау табылған. Бүгінде 25 шақырымға жуық ауызсу құбыры жаңартылып, ауызсу мұнарасы салынды. Енді Ерназар ауылының 1643 тұрғыны жаңа жылды сапалы ауызсумен қарсы алады.
Жалпы биыл Бектөбе, Қызылшарық, Өрнек, Жаңаөткел ауылдарында осы бағыттағы жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде 2025 жылы аудан халқы 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылады деп күтілуде.
Тұрғындарының атынан Төрехан Қырқымбаев сөз алып, ризашылығын жеткізді.
— Ескірген су жүйелері берекемізді алды. Жаңа жыл қарсаңында сапалы ауыз суға қол жеткізіп, қуанышымыз еселеніп отыр, – деді ауыл қариясы.
Ерназар ауылындағы ауызсу құрылысын «Байсын-А» ЖШС-сы жүргізіп, 8 айда аяқтады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 25 елді мекенге тіршілік нәрі тартылды. Оның ішінде 10 елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 15 ауылға кешенді блок-модуль орнатылды. Нәтижесінде өңір халқын ауыз сумен қамту деңгейі 97,1 пайызға (2023 ж. — 94,9%) ұлғайды.
Жамбыл облысының әкімдігі