Халықаралық сарапшылардың мәлімдеуінше, тұрғындар көп шоғырланатын орындарға бармау, бетпердені тағу, антисептикті жиі қолдану дертті ауыздықтаудың тиімді әдісі екен. Ал осы ережелерді қараша халыққа құлағдар ету, түсіндіру – ортақ іс. Осы орайда ауданымызда 2 шұғыл, 1 мониторингтік және 17 ауылдық округ әкімі аппараты жанынан құрылған топ мүшелері жұқпалы ауру алғаш қылаң берген кезден бастап, күні бүгінге дейін рейд жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Бүгін коронавирус инфекциясын алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында шұғыл топ мүшелері «Ас-Ер» мал базарына кезекті рейд жұмыстарын жүргізді. Сақтық талаптарына немқұрайлы қараған азаматтармен жүздесіп, бетперде тағу індетке бой алдырмаудың жалғыз амалы екенін басып айтты.
Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Азамат Қалмаханның айтуынша, шұғыл топ мүшелерінің құрамында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де бар.
— Біз әр апта сайын, көлік және осы базарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, сақтық шараларын сақтау керектігін айтып жүрміз. Тіпті, барлық учаскелік полиция инспекторларының қызметтік көлігіндегі дыбыс ұлғайтқыштың көмегімен санитарлық талаптарды көше бойымен жүріп, хабарлаудамыз. Әйтсе де, бүгінгі тексеру барысында 7 азаматқа хаттама толтырылды. Бұдан бөлек заңсыз пиротехникалық, яғни отшашу, жарылғыш заттарын саудалаған азаматқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 196-бабымен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді Азамат Көшербайұлы.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі