Жамбыл аудандық сотының судьялары аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау кезінде заңдылықтың сақталуын түсіндіру мақсатында семинар өткізді.
Іс-шараға судьялар С.Аргымбаева және А.Умбеткулова, жергілікті полиция бөлімінің басшысы А.Калмахан және полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Судья С.Аргымбаева өзінің алғы сөзінде, осы семинар әкімшілік заңнама нормаларын дұрыс қолдану және бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты ұйымдастырылғанын атап өтті.
Судьялар құқық қолдану практикасында туындайтын мәселелерге ерекше назар аударып, хаттама толтыру кезінде іс бойынша дәлелдемелерді жинау және тіркеу, құқық бұзушының іс-әрекетін ӘҚБТК-нің талаптарына сай сипаттау, әкімшілік құқық бұзушылықтың заңдық саралануы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың заңдылығы, құқық бұзушының жеке басын анықтау, жеке тұлғаның алкольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін анықтайтын медициналық куәландырудан өткізу кезінде, сотқа жолдау мерзімдері бойынша жиі жіберілетін кемшіліктерді атап өтті.
Іс-шара соңында практикалық қолдану мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді рәсімдеу бойынша ішкі істер органдарының жұмысын жақсартуға бағытталған ұсынымдар жасалды.