Бұл бағытта Жамбыл облысы ауқымды жұмыстар атқарып, жастарға кәсіптік білім беру мен оларды тұрақты жұмыспен қамту бойынша нақты қадамдарға көшті. Облыста биылғы жылы жұмысшы мамандықтарды дамыту мақсатында 6 салалық кешен ашылмақ. Бұл – тек білім беру саласындағы жаңару ғана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды серпін болмақ.
Жамбыл облысында 42 колледж жұмыс істейді, онда 28 219 студент 104 мамандық пен 139 біліктілік бойынша білім алуда. Олардың ішінде 28 колледжде 12 300 студент 49 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар ретінде даярланып жатыр. Бұл көрсеткіштің өзі облыста кәсіптік-техникалық білімге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Осы ретте облыс әкімдігі тарапынан білім беру сапасын арттырып, еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау үшін кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда.
6 салалық кешен – кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа деңгейі
2024 жылы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Жамбыл облысында 6 салалық кешен ашу көзделіп отыр. Бұл кешендер білім беру мекемелері мен жұмыс берушілердің арасындағы тығыз байланысты қалыптастырып, оқыту бағдарламаларын өндірістік сұранысқа сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Салалық кешендер аясында жұмыс берушілермен бірлесіп жасалған оқу жоспарлары мен өндірістік тәжірибе орталықтары жастардың болашақ жұмыс орнына бейімделуін жеңілдетеді.
Мұндай серіктестік негізінде білім беру мекемелері нақты өндіріс ошақтарымен келісімшартқа отырып, студенттерді оқу барысында тәжірибеден өткізіп, бітірген соң тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін арттырады. Жобаның шеңберінде 220 орындық жатақхана, «1С» бағдарламасы бойынша сертификаттау орталығы, сондай-ақ 2 жаңа мамандық пен шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашу жоспарлануда.
Материалдық-техникалық база жаңаруда
Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту арқылы жастарға заман талабына сай білім алуға мүмкіндік жасалуда. Шу және Қаратау техникалық колледждерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа зертханалар мен құрал-жабдықтар орнатылмақ. Сонымен қатар, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде 120 орындық жатақхана салынып жатыр. Мұның бәрі студенттердің оқуына қолайлы жағдай жасап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Білім беру мен өндіріс интеграциясы
Колледждер мен жоғары оқу орындары арасындағы байланысты күшейту мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы қабылданып, оның аясында 3 ЖОО мен 4 колледж арасында серіктестік орнатылды. Жол картасына сәйкес, колледждердің білім беру бағдарламалары ЖОО-мен интеграцияланып, студенттер білімін үздіксіз жалғастырып, оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік алады. Бұл жастардың уақытын тиімді пайдаланып, еңбек нарығына ертерек араласуына жол ашады.
Кластерлік жүйе – жүйелі білім мен тұрақты жұмыс
Облыста кадр даярлау ісі 4 негізгі кластер бойынша жүргізілуде: химиялық, техникалық, ауыл шаруашылық және құрылыс салалары. Бұл жүйе еңбек нарығындағы нақты сұраныстарды ескеріп, мамандарды мақсатты даярлауға мүмкіндік береді. Әр кластерге бірнеше колледж біріктіріліп, нақты өндіріс орындарымен байланыс орнатылды. Мысалы, химиялық салада 4 колледж 13 мамандық бойынша 5 кәсіпорынға маман даярлап жатыр.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жамбыл облысында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар – жастарға сапалы кәсіптік білім беріп қана қоймай, оларды еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптастырудың нақты жолы. 6 салалық кешеннің ашылуы, колледждердің жаңаруы, жаңа мамандықтардың енгізілуі – осының барлығы облыс жастарына зор мүмкіндік. Жамбыл тәжірибесі – тек өңір үшін емес, бүкіл республика үшін үлгі боларлық деңгейде. Ең бастысы – бұл бастамалар жастардың болашағына, елдің экономикалық дамуына бағытталған үлкен қадам.
Жамбыл облысы Білім басқармасы