Қытайға барған делегация не бітірді? Қандастарымызға жасалған қысым қашанға дейін созылады? Қытай қандай қадам жасамақ? Мәселенің шешімін қалай тапқан дұрыс?
Қытайдағы этникалық қазақтардың басынан өтіп жатқан ауыр жағдай атап айтқанда – балиғатқа толмаса да, қартайса да ешқандай сотсыз қамалу, қорқыту мен қорлау, шетелге шығу құқынан айыру, жүздеген азаматтардың, әке-шешесіне баруға, көрісуге қойылған шектеулер әлемнің назарын аударып жатыр.
Тіптен, Қазақстанда туылған Қытайда ешқандай туыстары жоқ, азаматтардың да Қытайға барғанда еш себепсізден саяси тәрбиелеу орталығы деп аталатын лагерге қамалып жатқандары туралы төменде айтатын боламыз.
Әлемдік өркениеттің, адамдық құқықты басты негіз еткен адамзат қоғамында туындаған бұл жағдайды БҰҰ, Еуропа парламенті, АҚШ конгресі, Жапония мен Германия парламенті және басқа да түрлі халықаралық құқық қорғау ұйымдары жарыса жазды.
Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған бір топ Қытайға барып та қайтты. Қытайдың ресми ақпарат құралдары «Қазақстандағы қытай диаспорасының өкілдері келді» деп жар салды. Себебі олар Қытайда туылғандардың барлығын – өз диаспорасы ретінде қарайды, қолдайды, көмектеседі. Бірақ аталған делагацияда Қазақстанда туылған азаматтар да бар.
«Саяси үйрену лагерлері – шын мәнінде түрме. Оған түскеннің туыстармен еркін кездесу, хабарласу еркіндігі жоқ. Оқшауланған және еркіндік шектелген тәрбие орталығы. Негізі түрмеден ешқандай айырмашылығы жоқ. Бұл туралы сол лагерде отырып шыққан Қазақстан азаматтары айтып отыр» – дейді қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы.
24 тамыз. Қатар өткен екі конференция
2018 жылы 24 тамызда Алматыда Қытайдағы қазақ мәселесіне байланысты екі баспасөз жиналысы өтті.
Таңертеңгі сағат 10:00-да басталған біріншісін – «Туыстарымыз Қытайда заңсыз қамалды» атты баспасөз мәслихатын «Атажұрт еріктілері» деген атпен танымал ресми тіркелмеген белсенді топ ұйымдастырып, өткізді.
Сағат 12:00-де өткен екіншісінде тамыздың 12-19 тамыз аралығында Қытайға барып қайтқан делагация өкілдері есеп берді.
Қытайға барған Қазақстан азаматтары қамалып жатыр
Қыдырәлі Оразұлы, қоғамдық белсенді:
– Біз «Туыстарымыз Қытайда заңсыз қамалды» деген тақырыпта конференция ұйымдастырып отырмыз. Конференцияға қатысушылардың айтуынша, қазақстандықтардың Шыңжаңға барған туыстарынан қамалып жатқандар әлі бар, – дейді informburo.kz тілшісіне.
– 48 жастағы үлкен ұлым Рысхан Мағадиев тамыздың 11-і күні келініме қоңырау шалып, өзінің тауарларды алғанын, енді құжаттарының дайын болғанын күтіп жатқанын айтқан. Кейін тамыздың 12-13 күндері де қоңырау шалып, әйелімен сөйлескен. Тамыздың 14-інен бастап, еш хабар болмады. Тамыздың 17-сі күні келінім бір күндік визамен Қытайға өтіп, Қорғас шекара кеден бекетіндегі Қытай елінің құқық қорғау органының өкілдеріне жолығады. Бірақ олар ұлымның қамалғанын растағанымен, не себепті ұсталғаны туралы мәлімет бермеген, – дейді Манзия Түсіпбекова.
Маниза анамыздың айтуынша, көмек сұрап хабарласқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Рысхан Мағадиевке «есірткі саудалады» деп айып тағылғанын айтыпты.
13 жастағы Есберген Жалғас бір жылдан бері әке-шешесін көре алмай отыр. Шешесі Мұхтархан Анаргүл – Қазақстан азаматы екен. Жеке сапармен Қытайға барғанда ұсталып, саяси үйрену лагеріне жіберілген.
Қырғызстаннан хабарласхан 12 жастағы Байболсын Шайырбек өзінің әкесін Қытайдың саяси үйрену лагерінен босатуын сұрап, Қазақстан Республикасының Президентіне бейнежолдау жазыпты.
Қытай түрмесіне жуықта түскен тағы бір азамат Бейсен Нұриден Қытайдан келіп 2013 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2017-де Қытайға шаруаларымен кеткеннен бері оралмаған. Бұл туралы баспасөз мәслихатында інісі Шәміс Нұриден хабарлады.
– 2017 жылы қаңтар айында бала-шағасымен бірге Қытай еліне туысшылап кеткен еді. Кейін Мори аудандық сақшылары төлқұжаттарын алып қойған. Биылғы маусымның 5-і күні саяси лагерге әкетті. Қамалғалы жеңгем бір рет жолығып, бір рет телефон арқылы сөйлесіпті. Бірақ ештеңе айта алмапты. Жеңгем мен інім қазір Қытайдан, кері қайта алмай отыр. «Қазақстанға хабар бердің» деп, телефонын алып қойған, – дейді ол.
Астана, 2017 жылы. Қазақстан азаматтары Қытайда қиын жағдайда қалған туыстарына көмек сұрап баспасөз мәслихатын өткізген болатын / informburo.kz
Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, туыстары Қытайда сотталған отбасылар өте көп. Тіптен бір отбасындағы 4 адамды да саяси үйрену лагеріне және түрмеге әкеткендігін, 13 жастағы қызды әке-шешесі Қазақстан азаматтығын алғандығы үшін кепілге ұстап отырғандығын айтып зарлаған асыраушысынан айырылғандардан кеңселерінің әр күні босамайтынын жеткізді.
Бұрын қысымды Қытайдағы қандастарымыз көріп жатқанын айтып жүрсек, соңғы кездері олардың арасында Қазақстанның төл тума азаматтары мен Қазақстан азаматтығын алғандар да көбейген.
Ақпарат inform бюро сайтынан алынды.