Тұңғыш рет өнер өкілдері көкпар алаңында республикалық турнирде сайысқа түседі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирі Тараз қаласында өтеді.
Жобаның ұйымдастырылуындағы негізгі мақсат – елге белгілі өнерпаздар арқылы ұлттық спортымызды халыққа кеңінен насихаттау.
Жарысты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы. Жобаның үйлестірушісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері –Досымжан Таңатаров. Турнирге Қарағанды, Шымкент, Алматы, Ақмола, Нұр-Сұлтан қалаларының өнерпаздары қатысады. Қатысушылардың қатарында елге белгілі композитор Бауыржан Есебаев, белгілі актер Мадияр Серікбаев, танымал кино жұлдызы Тәуекел Мүсілім, Қазақстан дауысы жобасының жеңімпазы Шаһаризат Сейдахмет, әнші Бағлан Әбдірайымов, Серік Ибрагимов және де өзге белгілі асабалар, музыканттар өнер көрсететін болады. Командалар 2 топқа бөлініп өнер көрсетеді. Әр командада 10 адамнан болады. Өнер көкпары алдағы уақытта Qazsport телеарнасынан көрсетіледі. Жоба Altais Group демеушілігімен іске асуда.