Департамент әскери қызметшілері ел шекарасын қорғау жолында жоғары кәсіби шеберлік пен табандылық танытып, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл жылдың нәтижелері шекарашылардың тек қызметтік міндеттерін ғана емес, патриоттық борыштарын да абыроймен орындағанын көрсетті.
Шекарашылардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қорғау және оның бұзылуына жол бермеу. Бұл міндеттерді орындау үшін 2024 жылы 7 шекаралық операция ұйымдастырылды. Операциялар барысында шекара тәртібін бұзған құқық бұзушылардың әрекеттері дер кезінде анықталып, заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Сонымен қатар, шекара аумағында 733 рейдтік іс-шара өткізілді. Аталған іс-шара барысында жасырын қару-жарақ пен оқ-дәрілер қоймасы табылып, заңсыз айналымдағы заттар тәркіленді.
Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараның ерекше маңыздылығын ескере отырып, шекараны күзету күшейтілді. Нәтижесінде, Қырғыз Республикасынан Қазақстанға заңсыз өтпек болған 599 адам ұсталды. Ұсталған тұлғалар шекара заңнамасын бұзып, ел аумағына рұқсатсыз енуге тырысқан. Шекарашылардың шұғыл әрекеттерінің арқасында бұл әрекеттердің жолы дер кезінде кесілді.
Шекараның бұзылуы – тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық қауіп төндіретін фактор. Бұл мәселелерді шешуде шекарашылар өздерінің кәсіби шеберлігі мен ұқыптылығын көрсетті. Әрбір шекара бұзушы ұсталғаннан кейін оның әрекеті жан-жақты тексеріліп, заңсыз іс-әрекетінің ауыртпалығына қарай тиісті жауапкершілікке тартылды.
Дегенмен, шекаралас елмен өзара ынтымақтастықты нығайтуда да маңызды рөл атқарады. 2024 жылы Қырғыз Республикасымен бірлескен шекара күзеті 463 рет ұйымдастырылды және 456 кездесу өткізіліп, шекаралық мәселелерді шешу және өзара сенімді арттыру бағытында тиімді жұмыстар жүргізілді.
Шекарашылардың қызметінде патриотизм ерекше орын алады. Бұл тек қызметтік міндет қана емес, туған елге деген адалдық пен құрметтің көрінісі. Шекарашылардың әрқайсысы еліміздің шекарасын қорғау арқылы мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтауға өз үлесін қосуда. Бұл ұстаным жергілікті тұрғындармен өткізілетін кездесулерде де көрініс табады. 2024 жылы шекарашылар жергілікті халықпен 488 кездесу ұйымдастырып, шекараны күзетуді насихаттап, қоғамды шекара қауіпсіздігін нығайтуға белсенді қатысуға шақырды.
Шекара қызметінің тағы бір маңызды бағыты – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өткен жылы шекарадан заңсыз тауар айналымына жол бермеу бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Өткізу пунктерінде есірткі заттары бойынша 51 дерек, қару-жарақ пен оқ-дәрілер бойынша 34 дерек, діни әдебиеттер бойынша 82 дерек тіркелді. Сонымен қатар, қос азаматтық бойынша 96 дерек анықталды. Жанар-жағар май материалдарының 1662 дерек тәркіленіп, олардың жалпы құны 32 миллион теңгеден асты. Тұтыну тауарлары бойынша 1356 дерек тіркеліп, заңсыз айналымдағы тауарлардың жалпы құны 4,5 миллиард теңгеден асқаны анықталды.
Шекара қызметінің жетістіктері тек сандық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Бұл – шекарашылардың патриоттық рухы, қызметке деген адалдығы және болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлауға деген ұмтылысының нәтижесі. Олардың қажырлы еңбегі мен ерлігі – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
Жамбыл облысының шекарашылары 2024 жылы атқарған жұмыстарымен шектелмей, болашақта да өз міндеттерін жоғары деңгейде орындауға дайын екендігін көрсетуде. Әр шекарашының басты мақсаты – елдің тұтастығын сақтау, мемлекеттің шекарасын қорғау және қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету.
Еліміздің әрбір азаматы шекарашылардың еңбегін жоғары бағалап, олардың қызметін құрметтеуі тиіс. Себебі шекара – тек мемлекеттің сыртқы қорғанысы ғана емес, елдің тәуелсіздігі мен болашағының кепілі. Жамбыл облысы шекарашыларының қызметі – ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық шынайы ерлік пен патриотизмнің жарқын көрінісі.