Белгілі ғалымдарға, мәдениет және білім қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне «Парасат» ордені берілді:
- Олардың қатарында Талдықорған қаласы «Қайнар-АКБ» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қ.Әжмағанбетов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті Ғ.Әнес,
- М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Б.Жолдин, Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы О.Довгун,
- Теміртау қаласының Көпбейінді ана мен бала орталығының директоры С.Лохвицкий, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі М.Ғабдісәлімова,
- Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық қазақ театрының актері Ұ.Нүсіпәлі секілді азаматтар бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені тағайындалды:
- «Ел бірлігі» ордені алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры А.Башмаковқа,
- Республикалық дүнген этномәдени орталығы бақылау кеңесінің төрағасы Л.Буларовқа, Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы А.Исмаиловқа,
- Қазақстан корейлері қауымдастығы қамқоршылық кеңесінің мүшесі Р.Кимге, «Deutsche Allgemeine Zeitung» республикалық неміс газетінің бас редакторы О.Клименкоға,
- «Қазақстан шешендері мен ингуштарының «Вайнах» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тең төрағасы А.Мұрадовқа,
- «Дустлик» Қазақстан Республикасы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Т.Нишанбаевқа табысталды.
Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды:
Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.
Сонымен қатар «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КеАҚ дәрігері С.Андосова, «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КеАҚ профессоры А.Плешаков, «Шыңға өрлеу» ҚҚ директоры Р.Сыпабекова, «Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубы» КММ аға бапкері Н.Құлышов және басқа да азаматтар «Құрмет» орденімен марапатталды.
Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да материалдық өндіріс салаларының 94 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін иеленді.
ІІ дәрежелі «Достық» ордені «Алға, Петербург» интернет жобасының авторы Иван Червинскийге берілді.
Ал футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов және Максим Самородов «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды.
«Ерлігі үшін» медалімен Мұрат Есенқабылов пен Талғатбек Төлеубаев наградталды. Мұрат Есенқабылов өртеніп жатқан көлік ішінен 3 әйел мен 5 баланы аман алып қалса, Талғатбек Төлеубаев тілсіз жауды ауыздықтауда үлкен ерлік көрсеткен.
Пара жеңіл атлетика спортшысы, бірнеше республикалық сайыстардың жеңімпазы Айсұлу Сүлейменоваға «Шапағат» медалі табысталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет салаларының 31 көрнекті өкіліне және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы Ақмола облысы «№4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ү.Еңсебаеваға берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 143 адам наградталды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажыр-қайраты үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
«Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым азаматтарға басымдық берілді Атап айтқанда, марапатталғандар арасында 298 ұстаз бен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 259 ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері, өндіріс саласының 88 жұмысшысы бар. Бұл – қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін асыруға, қоғамдағы қадірін арттыруға бағытталған нақты қадам», — делінген Ақорда хабарламасында.