Дәл қазір Қарағанды облысының орталығында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кенді аймақтың жұртшылығымен кездесуі өтіп жатыр. Мемлекет басшысы кездесу барысында өңірдің экономикалық тұрғыдан дамуы жөнінде бірқатар мәселелерге баса назар аударды. Мәселен тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірден шығатын автожол бағыттарының сапасы туралы Президент былай деді:
«Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық.
Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын.
Сонымен бірге, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек.
Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет»
Сонымен қатар, Қарағандыда урбанизация қарқынды жүріп жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысы халықтың шағын қалалардан көшіп жатқаны назар аударарлық мәселе екенін де атап өтті.
— «Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет.
Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті», — деді Президент.