«Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді».Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент қазақтың «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөзін мысалға келтірді. Оның сөзінше, азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді, халқымыз көптеген табысқа жетті.
«Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс», — деді мемлекет басшысы.